428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда бір тәулікте мас күйінде көлік жүргізген 13 адам ұсталды

  • 641
  • UPD: 21:48, 24.10.2019

Қарағандылық тәртіп сақшылары бір тәуліктің ішінде мас күйінде көлік тізгіндеген 13 жүргізушіні ұстаған.

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын дәл осы кеншілер шаһарында ішімдікке сылқия тойып алған жүргізуші аулада тұрған 5 бірдей көлікті жаншып, екі адам зардап шеккен еді. Осыдан кейін қалада «Қауіпсіз жол» шарасы қолға алынған. 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, аймақта жыл басынан бері жол апатынан 14 адам мерт болып, 200-і жарақат алған. 

Араққа тойып алған мына қалталы азамат сот шешімімен екі айға қамауға алынды. Ал оны қорғамақ болып, тәртіп сақшыларының жұмысына кедергі келтірген бизнесменнің екі жақтасы да бірнеше күнге темір торға тоғытылды. 

Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын мас күйінде көлік жүргізген бұл азамат аулада жылдамдықты шамадан тыс асырып, 5 бірдей көлікті соққан болатын. Салдарынан сол көліктердің бірінде отырған әйел ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. 

Боранқұл Махин, Х.Мақажанов атындағы клиниканың көпсалалы орталығының жетекшісі:

- Науқастың жағдайы өте ауыр. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Аппараттың көмегімен демалуда. Бас сүйегі, жұлыны зақымданған. Сондықтан қандай да бір болжам жасауға әлі ерте.  

Тәртіп сақшыларының айтуынша, кейінгі уақытта жол ережесін өрескел бұзатын жүргізушілердің саны күн санап өсіп келеді. Мәселен, «Қауіпсіз жол» шарасы аясында бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамаған, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен, жаяу жүргіншіні өткізбеген және мас күйінде көлік тізгініне отырған мыңдаған адам жауапқа тартылды. 

Дарын Кенбаев, ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

- Үш күннің көрсеткішінде 2275 көлік жүргізушілеріне қатысты жол ережесін бұзу фактілері анықталған. Оның ішінде 20 қарсы жолаққа шығу фактісі және де 31 көлік жүргізушілерінің мас күйінде көлік пайдаланғандары анықталған.  

Ал жыл басынан бері «ащы суға» үйір 1500 жүргізуші ұсталыпты. Жолдағы бұл жүгенсіздікті тоқтату үшін заң талаптарын күшейту керек, басқа амал жоқ. 

Руслан Лазута, автомобиль жүргізушілері қоғамдық бірлестігінің жетекшісі:

- Алкоголь ішіп немесе есірткі қолданып көлік тізгініне отырғандарды қылмыстық жауапқа тарту керек. Сонда ғана тыйым болады. Мәселен, Белорусь елінде мас күйінде көлік жүргізсе, бірден көлігі тәркіленеді. Кейін ол саудаға қойылып, одан түскен қаржы мемлекет қазынасына жіберіледі. Бұл тәсіл де нәтиже беретініне сенімдімін. 

Статистикалық деректерге көз жүгіртсек, жыл басынан бері өңірде көлік жүргізушілері 135 мың рет жол ережесін бұзып, оларға 800 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы