376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында 83 мыңға жуық адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр

  • 241
  • UPD: 07:36, 25.10.2019
Ақтөбе облысында 83 мыңға жуық адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр

Ақтөбе облысында 83 мыңға жуық адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тізімге кірмей қалған Ұлы отан соғысының ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтарға да медициналық көмек көрсетіле бастады. Бұл мақсатқа орай, жергілікті бюджеттен бөлінген 140 млн теңгеге қажетті препараттар алынды.

Қан қысымынан зардап шегетін Ахмет Жаңабаев – тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып отырған ақтөбеліктердің бірі. Үш жыл бұрын дертке шалдыққан ол дәрігерлердің бақылауына алынған. Денсаулығын жиі тексертіп, мамандардың кеңесін алып тұрады. Ал қажетті препараттардың ақысыз беріліп жатқанына қуанышты.

Ахмет Жаңабаев, қала тұрғыны:

– Қан қысымым жоғары, құлақ, бас ауырады. Уақытында қарап, дәрісін беріп жатыр. Әрине, бұл үлкен көмек. Қазір бәрі қымбат. Дәрі бергеніне рақмет.

Қаладағы №4 емхананың бұл дәріханасына күніне ондаған адам келеді. Өйткені қызмет көрсету аумағындағы 70 мың адамның 10 мыңы диспансерлік есепте тұр. Сәйкесінше, тегін дәрі-дәрмек алуға тиесілі. Қажеттілікті толық қамту үшін биыл емхана 300 млн теңгеден астам қаржының препараттарына тапсырыс берген. Нәтижесінде, бұл жүйеде мәселе жоқ. Дегенмен кейбір науқастар отандық дәрілердің пайдасы аз дейді.

БЛИЦ:

– Жергілікті өндірушілердің өнімі пайдалы болмайтын секілді. Әсері аз. Дәрі көмектеспейді. Емхананы немесе өзге адамдарды кінәлап отырғаным жоқ. Бұл – менің жеке пікірім. Әсіресе, қан қысымына берілетін дәрілерден пайда болмай тұр. Ал диспансерлік есепте тұрған біз секілді науқастарға тегін берілуі өте керемет. Бұл үлкен көмек болып тұр.

Ал дәрігерлердің айтуынша, дәрілердің әр түрлі әсер етуі – табиғи құбылыс. Бірақ сапасына қатысты ешқандай шағым жоқ. Себебі орталықтандырылған жүйе – «СК Формация» арқылы жеткізілетін отандық және шетелдік препараттар тиісті сертификатқа ие.

Гүлайым Ерназарова, провизор:

– Кейбіреулердің «көмектеспейді» дейтіні көбінесе Қазақстан дәрілерін айтады. Бірақ бізде қант диабетімен ауыратындарға Қазақстан дәрілері беріледі. «Антарис», «Глюканил», бәрі отандық өнімдер, бәрі көмектеседі. Тек «Харлон» препаратын көмектеспейді деп айтады. Бұл жағдайда біз басқа дәрілерді бере аламыз.

Жалпылай алғанда, өңірде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі тұрақты жүруде. Облыстағы 82 600-ден астам азаматқа уақытылы дәрі беріліп келеді. Ал науқастардың қатары көбейсе, бір апта ішінде қажетті дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылған. Қолдауға мұқтаж егде жастағы азаматтарға көмектесу жергілікті бюджет есебінен жүзеге асуда.

Әсет Қалиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Тізімге кірмей қалған Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оған теңестірілген азамат, азаматшалар сонымен қатар сирек кездесетін аурулар бар. Оған біз жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырып отырмыз. Биыл 23 ауру бойынша 142 млн теңге қаражат бөлініп, сол бойынша қамтамасыз етіліп жатыр. Енді алдағы уақытта да осындай жұмыстар жалғасын табатын болады.

Қазірдің өзінде келер жылға қажетті дәрі-дәрмек көлеміне тапсырыс берілген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы