424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әйелдерге қатысты кемсітуді жою: БҰҰ-да Қазақстанның жетістіктері атап өтілді

  • 1059
  • UPD: 15:25, 25.10.2019

Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық түрлерін жою жөнінде Конвенцияны орындаудағы Қазақстанның жетістіктерін БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінде атап өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ел Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссиясы, министрліктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Әйелдер істері бойынша БҰҰ Комитетінің сарапшыларына Қазақстандағы гендерлік саясатты жүргізу барысын баяндап берді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңсіздікті еңсеру рейтингісінде әлемдегі 149 елдің арасында Қазақстан 60-орында тұр. Соның ішінде білім алу бойынша отызыншы және әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін асыру бойынша 32-орынды иеленген. Әйелдер істері бойынша Ұлттық комиссияның төрағасы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ сарапшыларына елдің қоғамдық-саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларында әйелдердің ықпалын арттыру бойынша үкімет, парламент және үкіметтік емес ұйымдардың бірлескен шаралары туралы баяндап берді.

Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әйелдердің саяси бағыттағы ықпалын арттыру қажет. Бұл салада елімізде көптеген жетістік бар. Соны комиссияға түгелімен жеткіздік. Сонымен қатар экономикадағы әйелдер үлесі бойынша бізде көрсеткіштер жақсы. «Давос» экономикалық форумның рейтингісі бойынша 32-орында тұрмыз.

Делегациямыздың мүшелері комитет сарапшыларының сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанда әйелдер құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы айтып берді. БҰҰ мамандары Конвенцияны орындаудағы Қазақстан жетістіктерін ерекше атап өткен.

Раушан Сарсембаева, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті:

– Үкіметтік емес ұйымдардың дені, олардың арасында әйелдер ұйымдары - Нұр-Сұлтан мен Алматыда және бүкіл аймақтарда қоғамдық кеңестерге мүше. Барлық шешімдерді қабылдауда  беделді дауысқа ие.    

Татьяна Валовая, Женевадағы БҰҰ бөлімінің бас директоры:

– Қазақстанда әйелдердің орны үнемі жоғары. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан – көш бастап тұрған елдердің бірі. Сол себептен, сіздердің тәжірибеңіз БҰҰ-ының өзге елдеріне қызық, Қазақстан да осындай басқосуларда жаңа бастамалар туралы көп мағлұмат біле алады. 

Әйелдерге қатысты кемсітуді жою комитетінің сарапшылары Қазақстан баяндамасына жоғары баға беріп, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жақсарту бойынша өз нұсқауларын берді. 

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы