376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тұрғын үй қоры жалға берілетін 419 пәтерге құжат қабылдауды бастайды

  • 374
  • UPD: 15:10, 25.10.2019
Тұрғын үй қоры жалға берілетін 419 пәтерге құжат қабылдауды бастайды

«Тұрғын үй қоры» 28 қазан мен 8 қараша аралығында жекешелендіру құқығы жоқ жалдамалы тұрғын үйге құжаттарды қабылдайды, деп хабарлайды Елорда Инфо. 

Бұл бағдарламада «Әлеуметтік жағынан осал», «Жетім балалар», «Көп балалы отбасылар» санаты бойынша кезекте тұрған азаматтарға арналған. Әрі оған бастапқы жарна қажет емес.

Мұндай баспанаға келесі санаттағы азаматтар құжат тапсыра алады: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары;

кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;

жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

жетім балалар немесе ата-анасының қарауынсыз қалған азаматтар;

толық емес отбасылар;

1 және 2 топтағы мүгедектер;

оралмандар;

экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;

мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары.

Тұрғын үй қоры таратқан ақпаратқа қарағанда, бұл жолы 419 пәтер беріледі.

«Оның 84 -і «Жетім балалар» (10 үш бөлмелі, 61 екі бөлмелі, 13 бір бөлмелі); 84 -і «Көп балалы отбасылар» (10 үш бөлмелі, 61 екі бөлмелі, 13 бір бөлмелі); 251 пәтері «Әлеуметтік жағынан осал топтар» (32 үш бөлмелі, 182 екі бөлмелі, 37 бір бөлмелі) беріледі», – делінген хабарламада.

1 бөлмелі пәтердің ауданы 33,49 шаршы метр. Ал 2 бөлмелі 48,3-50,5 шаршы метр және 3 бөлмелі 66,2-68 шаршы метр.

Үміткерлер коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіндегі «Әлеуметтік жағынан осал топтар», «Жетім балалар», «Көп балалы отбасылар» санаты бойынша тұруы керек.

Сонымен қатар ағымдағы жылдың 21-25 қазан аралығында «Берекелі баспана» бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үйге қабылданған барлық өтінімдер осы конкурс үшін қайта қаралатын болады. Бұл дегеніміз, 14 пәтерге құжаттар тапсырған адамдарға осы бағдарламаға құжаттарды қайта тапсырудың қажеті жоқ, біз олардың екі бағдарламаға өтініштерін бірден қарастырамыз.

Құжаттарды қабылдау Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ-де іске асырылады, келесі мекенжай бойынша: Нұр-Сұлтан қаласы, Р.Қошқарбаев даңғылы 39 (Қошқарбаев-Жұмабаев ауданы, «Барыс» ТК аялдамасы)

Жұмыс уақыты сағат 8:30-дан 17:00-ге дейін, үзіліс сағат 13:00-ден 14:30-ға дейін.
Тұрғын үйге үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы керек:
1) өтініш;
2) өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
3) өтініш берушіні және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы;
4) неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш;
5) өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама; (01.11.2019 дейін)
6) жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар.

Бұған дейін Қазақстанның 3 банкі – «ЦентрКредит», «Сбербанк» және «Halyk банк» қолданыстағы «7-20-25» және «Баспана Хит» бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын әскери қызметшілер мен арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған жобаны іске қосқаны туралы хабарлағанбыз.

Ал Таразда «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтер алу шарты тағы жеңілдетілді.

Хабар 24 телеарнасы