384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арысты снарядтан тазартуға атсалысқан саперлер марапатталды

  • 186
  • UPD: 22:25, 25.10.2019

Бейбіт күннің батырлары. Арыста болған оқиға осы жылы елді елең еткізгені рас.

Ал қаланы апаттан соң жарылғыш заттардан тазартуға жан-жақтан саперлар жиылғаны белгілі. Әсіресе, арыстықтар Ұлттық ұланның қос бірдей сардары Қайрат Сабырбаев пен Әскербек Юсуповтың еңбегін ескеріп, ауыл арасында жиі әңгіме қылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арыс оқиғасы дүйім елді дүр сілкіндірді. Дәл мұндай ауқымды жарылыс біздің елде бұрын-соңды болмаған. Мына бейнекөріністегі снарядтар шағын шаһардың әр жерінен жиналды. Саперлар өмірлерін қатерге тігіп, қаланы қауіпті қарудан тазартты. Олардың қатарында Қайрат пен Әскербек те болды. Бүгінгінің батырлары Арыстағы снаряд жарықшаларын анықтады. «Жарылмаған снарядтар әсіресе, теміржол маңынан көптеп кездесті», - дейді олар.

Қайрат Сабырбаев, 5573 әскери бөлімі сапер тобының бастығы:

- Алты күндей болдық. Жұмыс атқарғанда мектептерді, балабақшаларды қарадық. Қаладағы үйлердің ішін тексердік. Жарылғыш заттарды тазарттық.

Әскербек Юсупов, 5573 әскери бөлімі 2 жедел мақсаттағы аға сапері:

- Біздің міндетіміз жарылмаған снарядтарды тауып беру керек болды. Оны тауып «М» деген жалаушаны қойып кетеміз. Ал бізден кейінгі топтың жұмысы оны залалсыздандыру болды. 04:02 Біз барғанда свет жоқ еді. Кешкісін берді жарықты. Біз тексеріп, бәрін біткеннен кейін барлығын кіргізді. Қайтуға 2 күн қалғанда. Халқы жақсы. Көп көмектесті. Су берді. Қарапайым адамдары.

Қайрат Сабырбаев пен кіші сержант Әскербек Юсупов Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінде 4 жылдан бері қызмет етеді. Қарулас достары да қос батырды мақтан тұтады. Олар жуырда Мемлекет басшысының қолынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін кеудеге тақты.

Қайсар Ибраев, 5573 әскери бөлімі инженерлік қызметінің бастығы:

- Теория мен жауынгерлік тәжірибенің айырмашылығы, әрине, үлкен. Ең әуелі психологиялық дайындығының жақсы болуы міндет бізде. Мұны біздің сарбаздар жақсы түсінеді. Жарылғыш затпен жұмыс жасағанда қауіпсіздікке баса мән беруі керек. Ал біздің бөлімнің жігіттері тапсырманы орындап, өз өмірін сақтап, жетістікке жетіп отыр. Мақтантұтарлық мамандар бар.

«Сапер болу үшін әуелі төзімділік керек», - дейді батырлар. Себебі жарылғыш зат кез келген сәтте іске қосылуы мүмкін. Сондықтан да олар арнайы құрылғымен күн сайын жаттығады. Ал Арыс қаласын снарядтан тазарту оларға нағыз әскери тәжірибе болғандығын жасырмайды.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы