384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында тұрақты жұмысы жоқ азаматтарды қайта даярлаумен 38 мекеме айналысады

  • 202
  • UPD: 17:44, 26.10.2019

Түркістан қаласында әлеуметтік жағынан аз қамтылған және тұрақты жұмысы жоқ 105 азамат қысқа мерзімді кәсіптік оқудың 3 айлық курсын тәмамдады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар аспаз, даяршы және дәнекерлеуші мамандықтары бойынша білім алып, арнайы сертификатқа ие болды. Енді олардың басым көпшілігі арнайы грантқа қол жеткізіп, өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр.

Қысқа мерзімді кәсіптік білім алғандардың бірі – Серғазы Мырсейітов. 56 жастағы азамат 2006 жылға дейін шалғай ауылда мал дәрігері болып еңбек еткен. Кейін қалаға көшіп келген соң жұмыссыздардың қатарын көбейтіпті. Әр істің басын бір шалған жігіт ағасы «бұл жүрісім жарамас» деп, Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөліміне барып, жұмыссыз ретінде тіркелген. Сол жерде 3 айлық курсқа қабылданып, дәнеркерлеуші мамандығын алып шықты.

Серғазы Мырсейітов, қала тұрғыны:

– Дәнекерлеу кәсібінің маманы ретінде өз ойым кәсіп ашу. Кәсіп ашып, көлік жөндеу саласында жұмыс істегім келеді. Заманауи бағытқа қарай өзімізді бейімдеп жатқан жағдайымыз бар.

Мамандардың айтуынша, өңірге дәнекерлеуші, наубайханашы, тракторшы, аспаз және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске асқан 2017-2021 жылдарды қамтитын «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы аясында биыл Түркістан қаласында 310 адам қысқа мерзімді кәсіптік курсты бітірді. Олардың барлығы 16 мың теңге көлемінде жәрдемақы алды.

Бақдәулет Бекәлиев, колледж директоры:

– Бізге 104 тыңдаушы бөлінді. Аспазшы, даяршы, дәнекерлеуші мамандықтары бойынша біздің тыңдаушыларымыз 3 ай оқып, білім алып, тәжірибеден өтіп, сәтті емтихан тапсырғандары куәліктерін алып, үлкен кәсіпкерлік жолға бастау алды. Жұмыс орындарымен келісімшарт негізінде жұмысқа тұруына мүмкіндік жасадық.

Қолына дипломын алған азаматтардың 50-і дәнекерлеуші, 30-ы аспаз, 30-ы даяршы мамандықтары бойынша білім алған. Олардың 80 пайызы Үкімет тағайындаған грантты ұтып алып, өз кәсібін ашуды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, грант жастарға, үлкен кісілерге және көп балалы отбасыларға беріледі.

Нұрсұлтан Келдебеков, облыстық кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы:

– Былтырғыға қарағанда ерекшелігі, биыл қысқа мерзімдік кәсіптік оқуды бітірген азаматтар грантқа ие болады. 505 мың, 200 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде грантты жеңіп алып, өз істерін кәсіпкерлік негізде жүргізуге болады. Алдағы таңда барлығы жұмыспен қамтылады деген ойдамыз. 

Түркістан облысы бойынша азаматтарды қайта даярлаумен 38 мекеме айналысады. Олардың көбі ЖОО-ы мен колледждерде және кәсіпкерлік нысандардың жанынан ашылған. Биыл қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 5 мың грант бөлінген. Бүгінге дейін 4 мың азамат қайта даярлау курсынан өтті. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы