425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда қоғамдық көліктерде картамен төлем жасау жүйесі енгізілді

  • 771
  • UPD: 19:31, 26.10.2019

Көкшетауда 1 қарашадан бастап қоғамдық көліктерде қолма-қол төлем қабылдау 2 есеге қымбаттайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Яғни 150 теңге болады. Ал картамен есеп айырыссаңыз, бұрынғыдай 80 теңге болып қала бермек. Яғни қалада жолаушылар тасымалында осындай дифференциалды тариф енгізіліп жатыр. Алайда бұрын-соңды мұндайды көрмеген көкшетаулықтардың жаңашылдықты қуана қабылдап отырғандары шамалы. 

Биыл Көкшетауда қоғамдық көліктерде біраз өзгерістер болып жатыр. Алдымен жаздыгүні 30 шақты жаңа автобус сатып алынса, одан соң жолаушыларға электрондық билет таратыла бастады. Енді міне, картамен төлем қабылдау жүйесі енгізіліп отыр. Бірақ бұған тұрғындар аса құлықты емес.

Сәрсенбай Хасенов, қала тұрғыны:

- Енді картамен төлем жүйесі халыққа тиімсіз деп ойлаймын. Өйткені зейнеткерлердің, жұмыстағы адамдардың бос уақыттары бола бермейді. Ал 150 теңге қымбат.

Ал жолақысына 150 теңге төлемеу үшін арнайы орындардан карточканы сатып алып, оның шотын әрдайым толтырып отыру керек.

Дегенмен халық арасында жаңа жүйені қолдаушылар да жоқ емес. Олардың айтуларынша, бұл жолақысын төлегенде өте ыңғайлы болмақ.

БЛИЦ:

– Әрине ыңғайлы. Мысалы, елордада төлейсің де отыра бересің.

– Елордада осы жүйеге халық үйреніп кетті емес пе?

Ал қарттар жағының кейбірі «біз тіпті тегін жүруге құқылымыз», - дейді.

Айта кетейік, Көкшетауда басқа қаладағылардай студенттер мен зейнеткерлерге қоғамдық көлікте ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

Ал картамен төлем жасау жүйесін енгізуге не себеп болды? Жолаушылар тасымалымен айналысатын мекемелер біз де жолақысынан түскен ақшаны жымқыратын кондукторлар бар деп ақталса, жергілікті билік өкілдері мұны саланы жаңғырту, әрі автобус парктерін қолдаудың бір тетігі деп түсіндірді.

Александр Рублевский, облыстық жолаушылар тасымалы басқармасы басшысының орынбасары:

– Бізде автобус парктерінің бәрі жекеменшік. Өз күндерін өздері көріп отырған кәсіпорындар. Ал электронды билет жүйесі оларды қолдауға көмектеседі. Мәселен, картамен төлеу арқылы автобустардың жүктемесін көруге болады. Міне, сол деректерді негізге ала отырып, олар мемлекеттен субсидия, ал банктерден несие алуға өтініш жасай алады.

Сонымен аталған жүйенің іске қосылуына бірнеше күн ғана уақыт қалды. Алайда көкшетаулықтардың көбі асығатын емес. Себебі осы күнге дейін небәрі 16 мыңнан астам ғана төлем картасы сатылған. Ал шаһарда 150 мыңнан аса халық тұрады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы