384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында иісшіл иттердің көмегімен 550-ден астам қылмыстың беті ашылды

  • 169
  • UPD: 21:43, 26.10.2019

Қостанай облысында иісшіл иттердің көмегімен жыл басынан бері 550-ден астам қылмыстың беті ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 20 проценті есірткі бизнесіне қатысты. Төрт аяқты тәртіп сақшыларының ерекше қабылетінің арқасында жеті келіден астам зиянды зат тәркіленді.

Бұл дайындық орталығында қазір 27 қызметтік ит бар. Олардың әрқайсысына жеке кинологтар бекітілген. Төрт аяқты достарын күнделікті серуендету, үйретіп, жаттықтыру – солардың міндеті.

Михаил Водопьянов өзінің «Рекс» деген төбетін күніне кемінде екі сағат шартты түрдегі қылмыскерді ұстау әрекетіне машықтандырады. Иттің ақсиған өткір тістерінен он бес келі тартатын арнайы жаттығу киімі ғана құтқарады. Ал шын қылмыскерге қашып, құтылам деу өзіне қауіп. Кинологтар қызметтік иттерді тұқымына, мінезіне байланысты әр бағытқа баулиды. Осы жыл ішінде иісшіл саққұлақтардың көмегімен 568 қылмыстың беті ашылған.     

Михаил Водопьянов, облыстық полиция департаментінің аға инспектор-кинологы:

– Соның ішінде 93-і есірткі тасымалдау қылмысына қатысты. 7 келіден астам есірткі заттары тәркіленді. Із кесу, жарылғыш заттарды анықтау бойынша 6,5 мыңнан астам түрлі операцияларға қатыстық. Сондай-ақ иттердің көмегімен ізін суытпай, тәулік ішінде ашқан қылмыстарымыз қаншама.

Бельгиялық тұқымға жататын «Зюйд» деген төбеттің қызмет өтілі 5 жылға жуықтады. Оның бағыты – есірткі іздеу. Тек осы жылы ғана Зюйдтің сезгіштігінің арқасында үш ірі көлемді зиянды зат анықталды. Оның бірінде бір жарым келі героин табылған. Мұның бәрі – ыждаһатты жаттығудың нәтижесі.

Қайрат Бейсембин, облыстық полиция департаментінің инспектор-кинологы:

- Алдымен ит сені иесі деп сезінуі үшін жақындасып, байланыс орнатуға бір ай уақыт кетеді. Сосын барып жаттығуға кірісеміз. Әр иттің жеке ойын тәсілі болуы керек. Мынау – оның сүйікті ойыншығы. Немесе жаттығуда жақсы көретін тағамын пайдаланамыз.

Мұнда қызметтік иттерді күшік кезінен дайындайды. Ерекше қабылетке иелері бір жылдан кейін нәтиже көрсете бастайды. Мысалы сөмкелердің бірінде жасырылған жалған бомбаны табуға 10-15 минут беріледі. Ал қызметтік ит оны бір минуттың ішінде анықтап, сыйлыққа сүйікті ойыншығын алды. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы