384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада үкіметтік жұмыс тобы АӘК алудың талаптарын түсіндірді

  • 339
  • UPD: 11:59, 27.10.2019

Еліміз бойынша 420 мыңнан астам жанұя атаулы әлеуметтік көмек алып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың қатарында жұмысқа жарамды жандар да бар. Үкімет тарапынан көмекке зәру жанұяларға қолдау көрсетіледі. Бірақ мұқтаждық пен масылдықтың аражігін ажырата білу қажет. Тек үкіметтен бөлінетін қаржыға өмір сүруге болмайды, деп Мемлекет басшысының өзі ескерткен болатын. Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барған үкіметтік жұмыс тобы халықпен жүздесіп, осы әлеуметтік төлемдерге қатысты түсіндіру шараларын жүргізді. Тұрғындармен кездесу облыс орталығымен қатар, Жаңақорған мен Шиелі аудандарында өтті. Жұртшылық әлеуметтік жағынан аз қамтылған жанұяларға берілетін жәрдемақының талаптарын салаға жауапты министрдің өзінен сұрап білді. Біржан Нұрымбетов келесі жылдан бастап, көп балалы отбасыларға жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланатынын әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге төленетінін айтты. Бірақ еңбекке жарамды азаматтарға жаппай жұмыс ұсынылатынын да ескертті.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Жанұя мүшелерінің ішінде тепсе темір үзетін жігіттер бар. Солар жұмыс істемейді. 100 мың алып отырған жерінен кетіп қалады. Біз ұсынып жатырмыз. Егер сіз аз қамтылған жанұя болсаңыз, еңбекке жарамды болсаңыз сізге жұмыс ұсынамыз. Бас тартсаңыз АӘК-тен айырамыз. Сол әділетті бола ма, деп отырмыз. Әркім мемлекетпен бірге отбасына жауапты болуы керек.

2020 жылдан бастап зейнетақы өседі. Төлемнің мөлшері инфляцияның орташа деңгейінде есептеледі. Қазіргі дерекпен еліміз бойынша 2 млн 200 мыңға жуық зейнеткер бар.  Олардың зейнетақысы қалай төленеді? Жалпы  қандай өзгерістер болады?  Бұл жиында көтерілген басты басты тақырыптың бірі болды. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қазіргі таңда орта есеппен қазақстандықтардың зейнетақыға төлейтін пайызы 11 пайыздан аспайды. Сингапурда – 37, көрші Ресейден 20 пайыздан асады. Европа елдерінде 20 дан 30 пайызға дейін. Біз 5 пайызды ұсынған кезде сол есеппен ұсынған болатынбыз. Жұмыс беруші өзінің жұмысшысының болашағын ойлау керек. Ертең зейнеткерлікке шыққан кезде қосымша ақша беруі керек.

Хабар 24 телеарнасы