386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында полицейлер келіншекті босандырып алды

  • 156
  • UPD: 19:23, 27.10.2019

Тәртіп сақшылары күнделікті жұмыс барысында түрлі қылмыстармен жиі кездеседі. Бірақ сіз бен біз күтпеген ерекше жағдайлар да болады. Мәселен, жақында Түркістан облысының учаскелік полиция инспекторлары толғағы қысқан жас келіншекті жол үстінде босандырып алды. 

Нұрболат Темірханұлы 13 жылдан бері ішкі істер саласында еңбек етеді. Бүгінде ол Кентау қаласына қарасты Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етеді. Жақында Нұрболат әріптесі Бақтыбай екеуі алыстағы малшы ауылда тұратын аяғы ауыр келіншекті аман-есен босандырып алды. Оқиға 3 қазан күні кешкісін болған. Сол күні учаскелік полиция инспекторына Жалаңтөс ауылына қарасты мал фермасының тұрғыны хабарласып, көмек сұраған. Ол жедел жәрдемге қоңырау соғып, ала алмай жатқанын, әйелінің айы-күні жетіп, толғағы қысып, қиналу үстінде екенін айтқан. Полицейлер тезарада көлігін сайлап, малды ауылға тартады. Жарты сағат көлемінде діттеген жерге жеткен соң, 21 жасар жүкті әйел мен күйеуін қызметтік автокөлікке отырғызып, Кентау қаласын бет алады.

Нұрболат Темірханұлы, Үшқайық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры:

- Үшқайық ауылдық округінен өтіп, Түркістанға кіргенде біз жедел жәрдемді көмекке шақырдық. Бізге де көмек керек. Бірақ үлгіре алмадық, іште босандыруға тура келді. Қызметтік көліктің ішінде босанды. Күйеуі қасында болды. Жедел жәрдем келген соң ана мен баланы жедел жәрдемге отырғызып, салып жібердік.

- Сіздер босандырудың маманы емессіздер, қорқыныш, «қалай болар екен» деген сияқты үрей болды ма?

- Тек ғана біздің міндетіміз ана мен баланы аман-есен алып, дұрыс босанғанын қаладық. Алғашқы көмек деген арнайы сабақ бар, содан алған тәжірибеміз бар. Соның арқасында қолдан келген көмекті жасап, босандырып, мінгізіп жібердік. Қандай жағдай болса да көмектесу біздің міндетіміз деп санаймын.

Өз кезегінде екінші рет ата-ана атанған ерлі-зайыпты Виолетта Раковица мен Виталий Барабаш полиция қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды. «Кішкентай бөбегімді аман-есен босануыма тәртіп сақшыларының да сепігі тиді. Менің батырым осы учаскелік полицейдің көлігінде дүние есігін ашты. Егер полицейлер келмегенде не болар еді?» дейді жас ана.

Виолетта Раковица, жолда босанған келіншек:

- Дер кезінде жетіп, көмек қолын созған полиция инспекторларына алғысым шексіз. Перзентханаға жетіп үлгермедім. Қазір баламның жағдайы жақсы. Аман-есен өсіп жатыр. Өскенде полиция болады деп үміттенемін.

Көптің алғысын алып, өз кәсібіне адалдық танытқан полиция инспекторларын түсіруге барғанда Бақтыбай Қалабаевтың еңбек демалысында екенін естідік. Қазір Нұрболат Темірханұлы әріптесінің жоқтығын білдірмей, барлық шаруаны өзі атқаруда. Тәртіп сақшылары қызмет бабында түрлі жағдайлардың куәсі болатынын айтады. 

Мұхамедәлі Тұрғанбаев, облыстық ПД Кентау қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Бұндай жағдайлар бізде болған. Жиі боп тұрады. Оның алдында Кентауда көп қабатты үй өртенген кезде екі қызметкеріміз полиция аға лейтинаты Керімбеков Берік және полиция аға сержанты Жанғозиев Марат деген қызметкерлер түнгі сағат 4 шамасында 3 қабаттан өрт шыққан, сол жерде тұрғындарды сыртқа шығарып, балаларды құтқарған. Содан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Біздің полиция қызметкерлері қолынан келген алғашқы көмектерін халыққа көрсетуге әрдайым дайын.

Еңбегі адал азаматтардың ерлігін басшылары да бағалапты. Осы оқиғадан кейін Нұрболат пен Бақтыбай да Түркістан облыстық полиция департаменті тарапынан арнайы марапатталып, сый-құрметке ие болды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы