385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Орта Азиядағы ең үлкен үңгір Түркістан облысында орналасқан

  • 280
  • UPD: 12:48, 28.10.2019

Орта Азиядағы ең үлкен үңгір Түркістан облысының Бәйдібек ауданында орналасқанын біреу білсе, біреу білмес. Ел арасында «Ақмешіт» аталып кеткен үңгір миллиондаған жылдар бұрын тектоникалық құбылыстың әсерінен пайда болған. Іші 1 гектардан астам аумақты алып жатыр. Ұзындығы – 160, ені – 65, биіктігі – 38 метр. Жылына мыңдаған адам барып таң-тамаша болып қайтатын «Ақмешіт үңгірінің» сіз бен біз білмейтін тағы қандай кереметі бар? 

«Ақмешіт» – Бәйдібек ауданына қарасты Кеңестөбе ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан ойық жартасты үңгірі. Мамандардың айтуынша, үңгірдің іші миллиондаған жылдар бұрын пайда болған әктастан тұрады. Ішкі көрінісін адам қолымен жасай алмайтындай таза табиғи сурет деуге болады. Ішінен қараған адамға ернеуі киіз үйдің құрылысы сияқты көрінеді. Күн сәулесі түскен жерлерге тұт, қарағаш өсіп шыққан. Ақмешіт үңгірі туралы ел арасында айтылатын аңыз-әңгімелер өте көп. Табиғаттың кереметін тамашалау үшін туристер әлемнің әр түкпірінен келеді. Соның бірі – түркиялық Айша Орхан есімді түрік азаматшасы. Ақмешітті көру үшін Анкарадан арнайы келіпті. 

Айша Орхан, Анкара тұрғыны /Түркия/:

- Қазақстан біздің атажұртымыз. Осында келу арманым болатын. Ақмешіт туралы теледидардан естіп қалдым. Міне енді келіп, өз көзіммен көріп жатырмын. Керемет әсер алдым. Түркияда да осындай жерлер бар. Бірақ олар адамның қолымен, ал бұл Алланың құдіретімен жасалған. Елге барған соң таныстарымның бәріне осында барыңдар деп айтамын.

Үңгірдің іші 1 гектардан астам алқапты алып жатыр. Төбесінің биіктігі – 38, ұзындығы – 160, ені 65 метр болады. Көктем жаз айларында ішкі көрінісі күн сәулесімен өзгеріп, төбесінен су тамшылап тұрады. Ғалымдардың зерттеуі бойынша үңгір ауасының денсаулыққа пайдасы бар екені дәлелденіп отыр. Ғалымдар үңгір ішінде 15-20 минут жүрген қан қысымы жоғары адамның қысымы қалыпқа келетінін айтады. Қазір зиярат жасап та, саяхаттап та келушілер көп. Мамандар әсіресе ТМД, Еуропа мен Азия елдерінен келетін туристердің қызығушылығы жоғары дейді. 

Әбдіразақ Мәулен, аудандық «Тарихи-табиғи мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ маманы:

- 9 айдың көлемінде 60-70 мың адам  келіп-кетеді. Қазір күннен-күнге келу үдерісі көбею үстінде. Аудан әкімшілігі, облыстық туризм басқармасы осы Ақмешіттің айналасында қонақжай салу, ұлттық тағамдар, қымыз, қымыранды пайдалану арқылы келушілерге жағдай жасауды қарастырып жатыр, бұрын тек 5 гектар жер ғана мемлекеттің қарауында болса, қазір жер көлемін үлкейтіп, инфрақұрылымды дамыту үшін демалыс орындарын салу жоспарлануда.

Бұрын Ақмешіт үңгірінің аумағындағы 5 гектар жер ғана мемлекет қарауында болатын. Енді аудан әкімдігі мен облыстық туризм басқармасы бірлесіп жер көлемін кеңейтіп, инфрақұрылым тарту, су, жарық жүйелерін жүргізу жұмыстарын бастамақ. Қазір келген туристерге қолайлы жағдай жасау үшін арнайы жер бөлініп, демалыс орындарын салу жұмыстары жоспарланып жатыр.

Бұған дейін әрбір қазақстандық баруы тиіс еліміздегі таңғажайып жерлер туралы жазған болатынбыз.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы