384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда жылу құбырларының 63% ескірген

  • 204
  • UPD: 08:08, 28.10.2019

Алматыда жылу құбырларының 63 пайызы ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мұны қалалық Энерготиімділік басқармасының басшылығы да растайды. Биыл қаланың барлық энергокешеніне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 20 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалды. «Дегенмен қала қысқа дайын», – дейді мамандар.

Көлге айналған көше. 14 қазан күні Райымбек пен Бөкейханов көшелерінің қиылысында ыстық су құбыры жарылып, біраз жұртты әбігерге салды. Төрт көлік суға батып, бір адамды күйік шалды. Ал 24 қазан күні Райымбек пен Байзақов көшелерінің қиылысында тағы да осындай жағдай қайталанды. Ешкім зардап шеккен жоқ. Соңғы 10 күнде қалада осындай үш апат болды.

Әсет Масабаев, қалалық энерготиімділік басқармасының басшысы:

- Бір жағдайды ескере кету керек. Біздегі осы құбырлардың ескіру деңгейі 63 проценттен жоғары болып тұр. Яғни бұл жылдан жылға көтеріліп келе жатыр. Себебі жылу жүйелерінің бәрі 80-жылдары салынған. Отыз жылдық мерзімі асып кетті.

Жазда барлық құбырлар гидравликалық тексеруден өтіп, қысқа дайындалады. Бірақ қаладағы 1200 шақырымнан астам жылу құбырларының 700 шақырымға жуығы ескі. Қай жері тесілетінін болжау қиын. Сондықтан қыстың көзі қырауда құбыр жарылып, су атқылап жатса таң қалмаңыз.

Әсет Масабаев, қалалық энерготиімділік басқармасының басшысы:

– Жөндеу жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Жобаларымыз бар. Бірақ оның бәрін бір уақытта бастасақ, қалада көлік кептелісін туғызамыз.

Оның үстіне бюджетке де салмақ, дейді мамандар. Айталық жазда 9,8 шақырым жылу құбырын ауыстыруға 11 миллард теңге жұмсалған. Тұрғындарды қызықтыратын тағы бір мәселе – тариф. Тиісті сала қызметкерлері ыстық су мен жылу бағасының өспейтінін айтты.

Ардақ Жаңабаева, қалалық табиғи монополияларды реттеу департаментінің бөлім басшысы:

- Ыстық судың бағасы жылу маусымы болып жатқан кездегі тарифтер 385 теңгені құраса, ал жазды күні жылу маусымы жоқ кезде 355 теңгені құрайды. 2019 жылы 1 қаңтардан бастап жылу мен ыстық судың бағасы 18 пайызға төмендетілді. 2020 жылы 1 қаңтардан бастап ыстық су мен жылудың тарифтері көтерілмейді.

Қалада 3,5 мыңнан астам жеке үй газға қосылмаған. Жыл соңына дейін оларға магистарльді газ құбырын жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, дербес қазандықтар да бар. Олардың барлығы қажетті отынмен қамтамасыз етілген.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы