384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында жылу беру маусымы басталғалы жеке үйлерде 104 өрт оқиғасы болған

  • 247
  • UPD: 09:24, 28.10.2019

Қостанай облысында жыл басынан бері 85 рет саяжай аумақтары өртенген, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Өткен жылмен салыстырсақ 42 процентке көп. Биылғы жылу беру маусымында төтенше жағдайлар қыметі бұл мәселені ерекше бақылауға алды. Олардың есебі бойынша өңірде 600-ге жуық отбасы саяжайларда қыстайды екен. Пешпен жылытылатын сол үйлерде өрт қауіпсіздігінің жайы қалай?

Екі аптадан бері төтенше жағдайлар қызметінің мамандары осылай үй-үйді аралап жүр. Еріккеннен емес, тосын жағдайдан сақтандырып, ескертсек дейді. Бірақ оны түсініп жатқандар шамалы. Кейбірі тіпті есік ашпайды. Ал саяжайды мекен еткендердің арасында өрт қауіпсіздігіне атүсті қарайтындар аз емес.

Былтыр құтқарушылар 400 улы газ датчиктерін негізінен көп балалы отбасы үйлеріне орнатқан болатын. Әлі де ондай қондырғының бірнеше мыңы қажет.

Руслан Түлкібаев, облыстық ТЖД аға инженері:

- Көп балалы және тұрмыс жағдайлары төмен отбасылардың үйлеріне дыбыс бергіш қондырғыларды қою жөнінде әкімдіктермен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Есеп бойынша бізде 9 мыңнан астам отбасы бар. Әзірге соның 400-і ғана қамтылды.

Сәния Бектеованың отбасы үшінші жыл саяжайда қыстап жүр. Пешті мамандар салып беріпті. Көмір жағады екен, алайда улы-газ датчигі жоқ. Құтқарушылар осындай үйлерді жіті бақылауға аламыз деп отыр. Қандай да бір тосын жағдайда тез қимыл-әрекет таныту үшін барлық саяжай тұрғындарының тізімі жасалған.

Азамат Орынбаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Саяжай аумағындағы жолдар тазартылмайды. Сондықтан өрт сөндіру бөлімшелері бірінші кезекте жоғары өтімді техникаларды сол жаққа жіберуі қажет. Және ол үйлерде адамдардың бар-жоғын біліп отыру да маңызды.

Қанша алдын алу шаралары жүргізіліп жатқанымен, тілсіз жауды ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Қыркүйек айынан жылу беру маусымы басталғаннан бері жеке үйледерде 104 өрт оқиғасы болған. Сегіз адам қаза тапты.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы