433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда тәртіп сақшылары толғағы қысқан келіншекке көмек көрсетті

  • 930
  • UPD: 23:08, 28.10.2019

Алматылық жол патрульдік полиция қызметкерлері нәрестенің аман-есен дүниеге келуіне себепші болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешқұрым уақытта толғағы қысып, көлік кептелісінен діттеген жеріне жете алмай тұрған келіншекті жол полиция қызметкерлері дер кезінде перзентханаға жеткізген. Ал сәбидің туыстары көмекке келген сақшыларды әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып, алғыстарын білдірді. 

Босанатын уақыты жақындап қалған Айнұр Мырзатаеваның толғағы кешқұрым уақытта басталған. Жедел жәрдем шақырып үлгермейтінін сезген отбасы, келіншекті перзентханаға өз көліктерімен жеткізбек болады. Алайда олар сағаттап жылжымай тұратын кептеліс уақытына тап келген. Толғақтың жиілігін байқаған туысы көліктен түсе сала, келесі қатарда келе жатқан жол патрульдік полиция қызметкерлерін көмекке шақырады.

Гүлмира Сүлеймен, жас ананың туысы:

– Өзім білмедім, қалай есікті ашып көмек сұрадым. Бір сұрақ қоймай алдымыздан жүріп, артымыздан тағы бір экипаж шақыртып, аз ғана 20 минуттың ішінде бізді ауруханаға жеткізіп тастады. Сондай көмегі үшін рақмет көп-көп. Мұндай көмек болмағанда мен білмеймін, аяқ жағы не болушы еді.

Данияр Әбдісәлімов, жол полициясының аға инспекторы:

– Біз полиция лейтенанты Бақыт Әлімбетов екеуіміз Әл-Фараби даңғылындағы қауіпсіздікті қадағалап жүрген едік. Аяғы ауыр келіншектің туыстары көмек сұрағаннан кейін, көліктегі дабылды қосып, кептелісте тұрған жолды ашып, оларды перзентхнаға жеткізіп салдық. Қабылдау бөлмесіне аман-есен кіргеніне көз жеткізген соң, әрі қарай қызметімізге кеттік.

Перзентханаға жеткен бойда көп ұзамай дүниеге келген қыз балаға туыстары Жансая деген есім береді. Ал оның аман-есен өмірге келуіне себепші болған полиция қызметерлерін бұл отбасы әлеуметтік желі арқылы іздеп тауып алыпты. Біз тек өз міндетімізді атқардық деп, қарапайым ғана жауап қатқан тәртіп сақшылары бүгін перзентханадан шыққан анасы мен нәрестеге гүл шоқтарын ала келіпті. «Енді, бұл екі азаматты біз әулетіміздің жақыны деп білеміз», – дейді кішкентай Жансаяның туыстары.

Авторлары: Алуа Маханбет.

Хабар 24 телеарнасы