378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматының сәулетті ескерткіштері құрамын толықтыру жұмыстары басталды

  • 496
  • UPD: 10:21, 29.10.2019

Тарихи көркі сақталуы тиіс ерекше ғимараттар тізімін жасауға қала тұрғындары да өз ұсыныстарын білдіре алады.

Мың жылдан аса тарихы бар Алматының 130-дан астам сәулет ескерткіші республикалық және жергілікті маңызы бар ғимараттар тізіміне енген. Олардың қатарында «Қазақстан» қонақ үйі,  Республика сарайы, Цирк ғимараты, Оқушылар сарайы сияқты бірнеше қайталанбайтын сәулет нысандары бар. Алайда, мамандар тарихы терең Алматыда ерекше үйлер өте көп дейді. 

Жанат Айтілеу, «Алматы бас жоспары» ҒЗИ бас кеңесшісі:

-қазір бас аяғы 130-дан аса ғимараттар бар. Ол әрине біздің қалаға аз. Қаланың орталық тарихи аумағы бар, соның ішінде біраз тұрғын үйлер бар, біраз қоғамдық ғимараттар бар. Сол алдыңғы тізімге кірмей қалған. Өз дәуірінің туындылары болып есептеледі. Сол дәуірдің сәулет өнерін сақтап қалу үшін сондай кешенді құрылыстарды кіргізу жоспарда бар.

Алматыдағы бірегей тарихи нысандарды түгендеп, олардың картасын жасаған «Аrchcode Almaty» қоғамдық ұйымы 757 ерекше ғимаратты мемлекет қамқорлығына алу жөнінде  ұсыныс жасаған. Олардың қатарында Достық даңғылының бойындағы «Үш батыр» тұрғын үй кешені, Құрманғазы көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысындағы бұрынғы «Пионер» дүкені орналасқан ғимарат бар. Қаланың өткен ғасырдағы келбетінен хабар беретін бұл ғимараттардың бастапқы  қалпын сақтауға міндеттіміз, - дейді жанашырлар.

Анель Молдахметова, «Архкод алматы» жобасының негізін қалаушылардың бірі:

- Аппараттық-студиялық кешені лайықты мәртебеге ие бола алмай отыр. Біз оны  бірегей ғимараттар тізіміне енгізуді ұсындық. Комиссия әзірге шешім шығарған жоқ. Сонымен қатар, Қарасу ықшамауданындағы Мәдениет үйінің мозайкалық көрінісі ерекше. Бұл нысанды қарапайым тұрғындар ұсынды.

Бірегей ғимараттар  белгілі бір талап бойынша таңдалмайды. Ең бастысы, қайталанбайтын сәулеттік нышаны бар, қаланың тарихи  келбетін толықтыратын ғимарат болуы тиіс.

- Сыртқы бейнесі әдемі болмаса да бірақ, біздің кейбір азаматтарымыздың тарихымен байланысты. Соларды сақтау керек.

- Бөгенбай батыр көшесінде екі қабатты ескі ғимарат бар. Өткен ғасырдың 50-жылдары жапондар салған. Сол үйді қосар едім тізімге.

Аяқ киім фабрикасы «Жетісу». Сол бүлініп кетті қазір. Одан кейін мынау Қазақ педагогика университеті бар. Соның қасында зданиенің екі қақпасы ғана сақталып қалды.

Алматыдағы бастапқы келбеті сақталуы тиіс ғимараттар туралы ұсынысты тұрғындар қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтындағы «Бірегей ғимараттар каталогы» айдарына жібере алады. Оларды сараптау комиссиясы талқылап,  ашық қоғамдық тыңдауға жібереді. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы