384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысының ауылындағы дүкенде тегін нан таратылып жатыр

  • 160
  • UPD: 14:05, 29.10.2019

Қостанай облысы Заречный ауылындағы дүкендердің бірінде нан тегін беріліп жатыр. Ас атасы зейнеткерлер, көп балалы отбасылар және барлық мұқтаж адамдарға таратылуда. Сауда орнында өзге де тауар түрлерін тегін алуға болады екен.

Бұл дүкеннің ашылғанына бір айдың жүзі болмағанымен тұрғындар арасында аса танымал. Шағын маркетте азық-түлік тегін беріледі. Олар жасыл стикермен белгіленген. Аталған тауарлар осында келетін тұтынушылар ақшасына сатып алынған. Қайырымды кісілер азық-түлік үшін кассада есептесіп, оны арнайы сөреге қояды.

Гүлмира Ташмұхамедова, Заречный ауылының тұрғыны: 

- Мен бүгін макарон және печенье сатып алдым. Ал жақында кофе мен қаймақ алып мұқтаж кісілерге қалдырып кеттім. Адамдарға жақсылық жасау -  әркімге парыз. Дүкенде осындай қайырымдылық акцияның пайда болғаны қуантады. 

Сауда орны бірінші сұрыпты наннан ешқандай пайда көрмейді. Наубайханадан 80 теңгеге алып сол бағаға сатады. Одан қалды дүкен иесі күнделікті 20 бөлке ас атасын тегін таратады.     

Аяз Болатов, сауда үйінің иесі:

- Таңғы сағат 9-дан бастап 20 бөлке нан сөреде тұрады. Кімге 2-3 бөлке қажет болса, мүмкіндігіне қарай алады. Ешкімді бөліп-жармаймыз. Барлығы түсіністікпен қарайды. 

Тегін ас атасын алушылар қатарында зейнеткерлердің қарасы көп. Игілікті істің куәсі болғандарына дән риза олар.  

Раушан Мұхамедиярова, зейнеткер:

- Жаңа дүкен ашылды дегесін келдік. Келіп қарасақ мұнда нанды зейнеткерлерге беріп жатыр екен. Өте жақсы. Қанша алғың келеді, 3-4 бөлке аласың. 

Ольга Малыженко, зейнеткер:

- Әсіресе айдың соңында ақшамыз таусылғанда қиналатынбыз. Азық-түліктен үнемдеуге тура келетін. Енді тегін нанды осы жерден алып жатырмыз. 

Дүкен ай сайын әлеуметтік акцияға 50 мың теңге шығындайды. Алдағы уақытта мұнда тұрақтандыру қорындағы азық-түліктер пайда болады. 

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы