411,72 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да бірнеше жыл бұрын ғана тұрғызылған көп қабатты үйдің сапасы сыр берді

  • 506
  • UPD: 22:02, 29.10.2019

Солтүстік Қазақстан облысында осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылған көп қабатты тұрғын үйдің сапасы сыр бере бастады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Салдарынан Смирново ауылының тұрғындары қыста бүрсең қағып отыруға мәжбүр. Ал жертөлесі көлкіп, суға толып тұр. Ал кеше желдің екпініне шыдамай, кіреберістің беткі қабырғасы құлап қалды.

Дәурен Сапаров, Смирново ауылының тұрғыны:

– Түнгі он бір жарым кезі. Дауыс қатты естілді. Далаға шықсам, осы күйінде. Желден болып отыр.

Екі қабаттан тұратын екі үй «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылды. Жоба құны – 297 миллион теңге. Небәрі 3 жылда құрылыстың сапасы сыр берді.

Самат Қайырденұлы, тілші:

– Үйдің қаншалықты сапалы тұрғызылғандығын қолмен шертіп жүріп көруге болады. Мәселен, есіктің төбесінде жарық пайда болған. Оның іші бос. Ал кіре бергенде еденге төселген плиталарды тіптен қолмен қопара бересіз.

Ал подъездің алдыңғы бөлігі құлағанын әкімдіктегілер бүгін ғана естіген.

Марат Нұрсайытов, Аққайың аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Мен бұл оқиға жайлы жарты сағат бұрын ғана естідім. Себебі іс-сапарда болған едім. Мән-жайды біле сала бірден осында жеттім.

Жаңа деген аты болмаса, заты мүлдем басқа. Тұрғындар қыста бүрсең қағып отырады. Ал үйдің жертөлесі жыл он екі ай кәріз суына толы.

Марина  Ахмадеева, Смирново ауылының тұрғыны:

– Пәтеріміздегі жағымсыз иіс қолқаны қағады. Ал қыста тоңып отырамыз. Естуімізше, бұл үйлер жұмыспен қамту бөлімінің балансында тұр. Аталған мәселені айтып ондағыларға да барған едік. Алайда жауапты мамандар бізде қаржы жоқ деп қысқа қайырды.

Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері тұрғындарға пәтер ұнамаса, баспананы босатыңдар деп отыр.

Үй екі жыл кепілдікте болды. Алайда қайта қалпына келтіру жұмыстарымен қосалқы мердігер айналыспақшы.

Асхат Қашығанов, қосалқы мердігер компанияның өкілі:

– Мүмкін құрылыс материалдарының сапасы нашар болған шығар. Барлық кемшіліктерді анықтайтын боламыз. Қажет болса жөндеу жұмыстарын жеке қаражатымызға жүргіземіз.

Негізінен бұл жалдамалы-коммуналды үйлер. Қазір мұнда 36 отбасы түтін түтетіп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы