376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан – Ресей ынтымақтастығының XVI аймақаралық форумына дайындық қалай өтіп жатыр

  • 266
  • UPD: 08:49, 30.10.2019

6-7 қарашада Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XVI аймақаралық форумы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос ел басшылары осы жолы Омбы жерінде кездеседі. Халықаралық жиын барысында іскери қарым-қатынастардың көкжиегін кеңейту мақсаты көзделіп, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері үшін тиімді алаңға айналмақ.

Шаһар үлкен құрылыс алаңына айналды. Форумға дайындық аясында осындай қызу жұмыс 13 қоғамдық орында жүргізілуде. Мамандардың басты мақсаты – қаланың тарихи келбетін сақтап қалу. Қоғамдық көліктер кезең-кезеңмен жаңартылып, жылы аялдамалар да орнатылуда.

Юрий Бибик, қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру басқармасының бастығы:

– Көпқабатты үйлердің қасбеттерін жөндеуге 1 млрд. рубльге жуық қаржы бөлінді. Бұдан бөлек көшелердің асфальт жабындылары ауыстырылып жатыр. Ал инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға 300 млн. рубльден астам ақша жұмсалды.

Ресеймен сауда-саттық орнатқан 90-ға жуық елдің ішінде Қазақстан бірінші орында. Бүгінде алыс-берістің 25%-і Қазақ еліне тиесілі. Биыл алты айда тауар айналымы 160 млн. АҚШ долларын құраған. Ал былтырғы көрсеткіш 280 млн. Басым бөлігі экспорттық өнімдер. Импорттық үлесте отандық тамақ өнімдері жоғары сұранысқа ие. Бұл сөзімізге осындай дүкендер желісі дәлел.

Екатерина Петрова, Омбы қаласының тұрғыны:

– Жартылай фабрикаттар, тәттілер, сүт, ірімшік сатып аламын. Дәмді әрі табиғи өнімдер. Көңілімнен шығады.

Құрт, қымыз, ет пен сүт. Бүгінде тұтынушыларға Қазақстанда өндірілген өнімдер тоғыз орында қолжетімді. «Қазмаркет» дүкендері Омбының әр округінде бар. Сала өкілдері өнімді шекарадан өткізудегі кей кедергілер жеңілдесе дейді.

Елена Богатова, дүкендер желісінің бас директоры:

– Форум аясында шекарадан тауар тасымалдаудағы процедураларды жеңілдету мәселесі қаралса игі. Бума-бума құжаттар керек, оларды жинау қиын. Алғашы дүкеніміз 12 жыл бұрын ашылды. Бүгінде олардың саны тоғызға жетті. Арттыруға да бармыз.

Ақмарал Есімханова, тілші:

–Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы халықаралық форум 16 жыл бұрын Омбы жерінде өткен болатын. Сол сәттен бері Қазақстан мен Ресей арасындағы әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени байланыстар беки түсті. Игі дәстүр биыл да жалғасын таппақ. Форум аясында аса маңызды мәселелер талқыға салынбақ. Солардың қатарында Ертіс өзенінде жүк тасымалын арттыру, әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар, іскери байланыстардың көкжиегін кеңейту мәселелері де бар.

Алғашқы форумнан бүгінгі күнге дейін шекаралас елдер түрлі бағыттағы мәселелердің түйінін тарқатып келеді. Осы жолы да осындай мақсат. Шикізаттық емес экспорт, әйелдер кәсіпкерлігі, цифрлық трансформация, ауыл шаруашылығы. Экономиканың қозғаушы күшіне айналған бұл бағыттар да қамтылмақ.

Ирина Сербина, Омбы облысы бизнес-инкубаторы инновациялық әлеуметтік жобалар орталығының жетекшісі:

– Әйелдер кәсіпкерлігі бойынша қазақстандық тәжірибе қажет. Бұл сала көрші елде қарқынды дамыған. Яғни, әлеуметтік бизнестің гүлдендіруіміз керек. Осылайша, жұмыспен қамту, көп балалы отбасылар мен мүгедек жандарды қолдау мәселелері шешілмек.

16 жыл ішінде түйіні тарқамаған мәселе бар. Ол – Ертісте жүк тасымалын дамыту. Қос елді байланыстырған өзен үздік 20 су жолына айналуы тиіс. Сол сәттен бері бірнеше губернатор ауысты, ал мәселе сол күйінде. Ерке Ертістің табанын тереңдету, өткізу пункттерінің жұмысын жетілдіру, алыс-берісті арттыру. Бұл стратегиялық мақсат енді мемлекет басшылары деңгейінда қаралмақ.

Денис Кушнер, Омбы облысы экономика министрінің орынбасары:

– Өкінішке қарай, ресейлік тарап тиісті жұмыстарды жүргізген жоқ. Омбы облысының үкімет бұл мәселені өздігінен шеше алмайды. Біздің тарап өзен жолдарын реттемейді. Бұл федералды министріктердің құзырында. Біз өтініштер жолдап талпынсақ та, нәтиже көңіл көншітпейді. Өзекті мәселе форумда қаралып, нақты шешімдердің боларынан үміттеміз. Өзен екі елге пайда әкелу керек.

Қазақстандық студенттердің ең үлкен диаспорасы Омбы облысында. Бүгінде өңірдің 19 оқу орнында 12 мың студент білім алады. Бүгінде олар сапалы білім алып, елге келіп еңбек етуден дәмелі. Жергілікті қоғамдық ұйымдармен тәжірибе алмасу мүмкіндігіне де ие.

Қуаныш Елеутаев, «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрағасы:

– Форумға артар үміт мол. Бізді қазақ тілінің болашағы толғандырады. Бүгінде Омбы облысында қазақ балалары оқитын 20-ға жуық мектеп бар. Қазақ тілі факультатив емес, пән ретінде енгізілсе деген ниетте. Сонымен қатар, көрші елдегі қоғамдық ұйымдармен байланысымыз беки түссе дейміз. Аларымыз да, береріміз де көп.

Форум аясында шекаралас жобаларды қолдаудың ортақ бағдарламасы таныстырылмақ. Қос елдің дипломаттары бес панельдік сессияда келелі мәселелерді талқыламақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов.

Хабар 24 телеарнасы