378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚТЖ жұмысқа қабылдаудағы жемқорлықпен күресетін жоба ұсынды

  • 218
  • UPD: 22:04, 30.10.2019

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы кадр іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ететін жаңа жоба ұсынды. Енді үміткерлер өз өтінімдерін арнайы сайтта қалдыра алады. Бұл туралы бүгін компания басшылығы өткізген баспасөз мәслихатында айтылды. Жобаның көмегімен бармақ басты, көз қысты әрекеттерді азайту жоспарланып отыр.

Қазір жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деректері теміржолда жиі  кездесетіні жасырын емес. ҚТЖ осы келеңсіз жайттың тамырына балта шабу үшін қызметке қабылдаудың электронды нұсқасын ұсынды. Алдағы уақытта сайтта тіркеуден бастап үміткермен сұхбатқа дейінгі аралықты компанияның бас кеңсесі тікелей бақылайды.   

Серік Әбденов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары:

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен тығыз байланыстамыз. Қолы таза емес қызметкерлерді жауапкершілікке тарту жөнінде, одан басқа бізге тиісті ұсыныстар беру жөнінде үлкен жұмыс жүргізілуде. Біз бұл ұсыныстарды әрқашан назарда ұстап, өзгеріс енгізіп, тиісті шара қабылдап отырамыз.  

Жұмысқа қабылдаудың жаңа түрі бойынша 6 айда 656 адам компанияға қызметке орналасыпты. Осылай жалғаса берсе, біртіндеп жемқорлықты түбегейлі жоямыз дейді компания өкілдері.   

Тамила Микулич, «ҚТЖ» ҰК» АҚ HR жөніндегі басқарушы директоры:

- 600-ден астам бос орынды осы жобаның көмегімен жаптық. Кейіннен үміткерлерге қайта хабарластық. Сұралғандардың 87 проценті ҚТЖ-ны сенімді жұмыс беруші ретінде бағалайтынын айтты. 

Қазір өтініш қабылдаудың электронды нұсқасы Алматы, Атырау, Ақмола, Шымкент және Қарағанды облыстарында қолжетімді. Болашақта еліміздің барлық аймағын қамту жоспарда бар. 

Авторы: Нұршапағат Несіпбаев

Хабар 24 телеарнасы