443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында сапасыз салынған жолдар арнайы түрде тексерілді

  • 392
  • UPD: 22:20, 30.10.2019

Ертіс өңіріндегі кезінде қолданысқа беріліп, кейін талай ақау анықталған жол учаскелері жол активтері ұлттық сапа орталығының сарапшылары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілдерінің назарына ілікті

Бұл «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің 10 шақырымдық учаскесі. Құрылыс жобасын әзірлеуде қателіктер анықталғандықтан, учаске салынбай қалған. Құжатқа өзгерістер енгізілді. Енді оның құрылысы біткенше жүргізушілер жол азабын тартуда. 

Социал Сағанаев, жүргізуші:

​ - Күнде көріп жүргеніміз хикметіміз осы. Мына айналдырған 5-6 шақырым жер, 10 шақырым жер қалып қойды. Была ойласаңыздар, мына жол енді не ғой, Семейге баратын трасса. Кейпі мынау, шұрық-шұрық. 

«Ертіс-Қарағанды» арнасынан өтетін көпір құрылысында да олқылықтар көп болған. Жұмысына салғырт қараған мердігерге қатысты шара қолданылып, қателіктер түзетілді. 

Ақмарал Есімханова, тілші:

- «Екібастұз-Майқайың» бағытындағы жол учаскесінің құрылысына мемлекет бюджетінен 820 млн. теңге бөлінген. Бұл жол екі жыл бұрын қолданысқа берілген. Алайда, биылғы жылдың көктемінде осындай ақаулар анықтала бастады. Енді бұл мәселе бойынша кешенді тексеріс жұмыстары басталады. 

Облыстық маңыздағы жолдың 29 шақырымы осындай күйде. Мамандардың айтуынша, жол арқылы салмағы 24 тоннадан асатын көліктерге рұқсат етілмеуі тиіс. Десе де, 40 тонналық көліктердің қозғалысына кедергі жоқ. Салдарынан жол отыра бастаған.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РММ бас директоры:

​ - Осы жерден пробалар алдық. Оның жартысына сәйкес тығыздық коэффициенті келмейді. Соның бәрі сайып келгенде жолдың нашарлығына алып келді. Біріншіден бұл жерде, ең басты инженерлік компания осы қабылдап алған. Біздің тарапымыздан қазір хаттама автомобиль жолдары комитетіне жібереміз, құрылыс комитетіне беріледі. Сосын осы ГАСК деген компаниялар бар, олар инженерлік компанияға шара қолданады.​ 

Мердігер ұйым өкілдері сарапшылардың пікіріне қарсы емес. Тек жолды сақтап қалу үшін ауыр көліктің жүруі қадағаланса дейді. 

Исламбек Күлтыманов, мердігер ұйым директоры:

-  Бұл ауыр жүк таситын көліктердің кесірінен туындаған мәселе. Міне, жолдың оң жағы отырып қалған. Бұл туралы органдарға шағымдандық та. Нәтиже жоқ. Кепілдік бердік, енді қайта жөндеуге мәжбүрміз. 

Мониторингтік топ өкілдері жолды қайта жөндеп, қосымша су өткізу арналарын салу керек деген пікірде. 

Мұсағали Дуанбеков, мониторингтік топ өкілі:

​ - Бұл заказчиктің кінәсі, компаниянікі. Енді арасында тағы да контроль бар, сол үш-төрт компания бұл мәселеге жауап беру керек. Жалпы, енді жол салынған. Оның қалыңдығы 57 см болу керек еді, біз қазір көрдік, 45 см екенін. Қазір түгел бәрін сырып тастап, меніңше, қажетті шаруа деп ойламаймыз. 

Сарапшылардың айтуынша, жолдың нашар сапасы үшін бірінші кезекте жоба авторларына қатысты шара қолданылу керек. Қазіргі уақытта тапсырыс берушіге, мердігерге және уәкілетті органдарға бұзушылықтарды жою туралы хаттар жіберілді.​

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы