385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шығысқазақстандық құтқарушылар биыл 1063 адамға дер кезінде көмек көрсеткен

  • 129
  • UPD: 09:00, 31.10.2019
Шығысқазақстандық құтқарушылар биыл 1063 адамға дер кезінде көмек көрсеткен

Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тек биыл 1063 адамға дер кезінде көмек көрсеткен, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жедел қызметтің құтқарушылары оқыс оқиға орнына бірінші болып жетеді. Өз өмірлерін қатерге тіге жүріп, басқаның өмірін құтқаруға ант береді.

Судан құтқарушылар жыл он екі ай дайын болуға міндетті. Себебі кез келген уақытта оқыс жағдай туралы хабар алуы мүмкін. Ал жазда халық ең көп шомылатын өзен-көлдердің жағажайларын күндіз-түні бақылауда ұстайды. Владимир Субботин осы жазда қаладағы жағажайлардың бірінде кезекті патрульдік-рейд кезінде суға батып бара жатқан адамды құтқарды.  

Владимир Субботин, облыстық ТЖД жедел-құтқару отрядының бас құтқарушысы:

– Жағаны бір шолып шығайық деп қайықты суға түсіргенбіз. Батып бара жатқан адамды байқап қалдық. Бірақ өте алыста болды. Қайықтың бар жылдамдығымен барсақ, су түбіне кетіп барады екен. Бірден құтқарып, жағаға алып шықтық.

Суға тұншыққан адам 7-8 минутта құтқарылуы керек. Одан ұзаққа созылса кеш болуы мүмкін. Сондықтан құтқарушылар үшін ең негізі міндет – жеделдік.

Көктемде қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде болған өрт кезінде құтқарушылардың жеделдігінің арқасында талай адам аман қалды. Биік үйге автосаты қоюға да мүмкіндік болмаған. Өрт сөндірушілер жоғарғы қабаттағы тұрғындарды альпинистік жолмен құтқарды.

Назар Болтамбаев, өрт сөндіруші:

–  5 қабатты үйдің ең жоғарғы жағы өртеніп жатты. Біз бірден үш аяқты сатыны қойдық. Бірақ ол жетпеді. Одан соң жедел саты деген бар, сол арқылы біздегі аға сержант Молдажанов шығып, іштегі адамдарды құтқарды. Тіпті бір бойжеткен есінен танып жатты.

Кәсіби өрт сөндірушілер қанша от пен суға түсіп жүрсе де, мақтанбайды. Тек кәсбіміз деп беледі. Ал кәсіпқойлық тәжірибемен келеді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы