384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Украинада құмар ойын түрлері заңмен реттелетін болады

  • 214
Украинада құмар ойын түрлері заңмен реттелетін болады

Украинада құмар ойын бизнесіне қатысты депутаттар мен қоғам белсенділері арасында пікірталас тоқтамай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

1 желтоқсанға дейін Жоғарғы Рада құмар ойын түрлеріне рұқсат беретін заң жобасын қабылдауы мүмкін. Құмар ойын толығымен мемлекет қадағалауына өтсе, не өзгереді?

Украинада 2009 жылдан бері құмар ойынның кез келген түріне, лотереядан басқа, заң бойынша қатаң тыйым салынады. Алайда Украина ойын индустриясы қауымдастығының президенті Ирина Сергиенконың айтуынша, елдегі ойын автоматтарының көптігі сонша, олардың саны елдегі дәріханалармен теңеседі. Бұл бизнес түрін толығымен көлеңкеден шығару үшін Жоғары Рада құмар ойын түріне заң бойынша рұқсат беруді көздейді. Құмар ойын легализацияланған жағдайда ең алдымен лицензия беру мәселесі реттелуі тиіс дейді, сарапшылар.

Ирина Сергиенко, Украина ойын индустриясы қауымдастығының президенті:

– Тұтастай алғанда заң жобасы легализациялау мәселесін дұрыс реттеу жолдарын ұсынады. Айталық, операторлардың қызметін бақылауда халықаралық тәжірибе қолданылмақ. Оның ішінде кіріс пен төлемдерді қадағалау үшін онлайн мониторинг енгізілмек. Құмар ойындарды реттеу жөніндегі комиссия құрылады. Мұны да біз Ұлыбритания тәжірибесіне сүйеніп, енгізуді жөн көрдік.

Ойын автоматтары, казино және де басқа құмар ойын түрлеріне лицензия беруге шектеу болу қажет, дейді депутаттар. Айталық, құмар ойынға рұқсат беретін заң жобасында букмекерлік кеңселерге 80, ал казиноға ел аумағы бойынша 20 ғана лицензия беру қарастырылған.

Николай Тищенко, Жоғарғы Рада депутаты:

– Заң жобасы комитетте әлі пысықталып жатыр. Менің пікірім бойынша 2 лицензия берілуі тиіс. Және бір маңызды тұсы казино тек бес жұлдызды қонақ үйде орналасуы тиіс. Барлық автоматтардың табысы бақыланып, мемлекетке салық төленуі тиіс.

Құмар ойынға рұқсат беретін нөмірі №2285 заң жобасы Жоғарғы Раданың күн тәртібінде тұр. 1 желтоқсанға дейін заң қабылдануы мүмкін. Алайда жобаның шикі және даулы тұстары да жетерлік. Айталық, ойын автоматтары тек қонақ үйлерде орналасуы тиіс дегенді құптамайтындар көп. Өйткені жол жиегінде, тұрғын үйлерде орналасқан құмар ойын автоматтары өте көп. Әлбетте, олар мектеп, балабақша мен әлеуметтік нысандардың маңында болмауы тиіс. Алайда шектеу орынға ғана емес, санға да байланысты болуы тиіс, дейді депутаттар.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Хабар 24 телеарнасы