384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында жөндеуден өткен жолдар талапқа сай емес болып шықты

  • 193
  • UPD: 20:47, 31.10.2019
Қостанай облысында жөндеуден өткен жолдар талапқа сай емес болып шықты

Жол сапасы төмен. Қостанай облысындағы орташа жөндеуден өткен бірнеше учаскеге зертханалық тексеріс жүргізген мамандар осылай дейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесінің қызметкерлері Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында мердігерлердің жұмысынан мін тауыпты. Жуырда Федоров – Первомай тас жолын да тексерген еді. Техникалық талап мұнда да бұзылған.

Аудан орталығынан Первомай ауылына баратын 34 шақырым жол 30 жылдан бері жөнделмеген. Үш жылға есептелген орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Осы уақытқа дейін 17 шақырымы тегістелген. Бірақ атқарылған жұмыстар сын көтермейді.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

– Асфальт жабындысының орташа қалыңдығының өлшемін алдық. Көріп тұрғанымыздай ол 3-3,5 сантиметр. Ал талап бойынша 4 сантиметрден кем болмауы тиіс. Сондай-ақ асфальт үгіліп, іріп жатыр.

Жолдың екі жағы су ағып кететіндей еңіс болуы тиіс. Бұл талап та сақталмаған. Бұған дейінгі зертханалық тексеру асфальт қоспасының тығыздығы белгілі мөлшерден аз екенін көрсеткен. Барлығы 14 түрлі кемшілік анықталды.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

– Болған қателер мердігер мен тапсырыс берушіге айтылған. Сол кезден бастап кемшілікті жою үшін не істелді, не өзгергені жайлы бізге ешқандай құжат түскен жоқ.

Тапсырысты орындаушы тараптың пікірінше, қазіргі жағдайда міндетті мінсіз атқару мүмкін емес. Себебі орташа жөндеуге қойылатын техникалық талаптардың өзі ақылға қонымсыз.

Григорий Семёнов, техникалық бақылаушы:

– Біз талап бойынша 4 см ғана асфальт төсеуіміз керек. Мұндай қалыңдық тек тротуарлар мен спорт алаңдарына ғана жарамды. Ал мында қараңыз, қаншама егіс алқабы бар, жиын-терім жүріп жатыр. Қаншама ауыр техника жүреді.

Сол төрт сантиметрдің өзін толық салмаған мердігер олқылықты өз есебінен түзеуге міндеттелетін боп шешілді. Жалпы облыста биыл 500 шақырым жолды орташа жөндеуге 16 млрд теңге бөлінген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг.

Хабар 24 телеарнасы