378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көптің алғысын арқалаған ақтөбелік полицей...

  • 240
  • UPD: 20:09, 31.10.2019
Көптің алғысын арқалаған ақтөбелік полицей...

Халыққа қызмет ету – міндетім! Ақтөбелік аға инспектор Дастан Сұлтанғалиевтің ұстанымы осы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек биылғы тоғыз айдың өзінде 12 қылмыстың бетін ашып, заң бұзған талай адамды тәртіпке шақырды. Көпке көмегі тиген полиция капитанын балалар да үлгі тұта бастаған.

Аға учаскелік инспектор Дастан Сұлтанғалиев әрдайым жұмысты ерте бастайды. Бұл ішкі істер органына қызметке тұрған 2003 жылдан бері қалыптасқан әдет. Алдымен өзі жауапты аумақтың мән-жайын біліп, кейін әріптестерімен бірге тыныштықтың сақталуын қадағалайды. Көп қабатты үйлердің аулалары мен өзге де нысандарды аралаудан басқа тұрғындармен де тілдесіп тұрады.

Балалармен жүздесіп, қал-жағдайын сұрауды да соңғы кездері әдетке айналдырған. Себебі, өткен жазда өскелең ұрпақ өкілдерінің жиі жиналатын ойын клубына қатысты нақты істі қолға алған еді. Бұған тұрғындар тарапынан түскен шағымдар түрткі болған. Нәтижесінде, жасөспірімдердің құмар ойынға баруы тоқтатылды.

Дастан Сұлтанғалиев, аға учаскелік инпекторы:

 – Тұрғындар «көбінесе түңгі 22:00 және одан кейін жұмыс істейді, балалар жүреді» дегеннен кейін ескерту жұмыстарын жүргіздім. Яғни, түңгі оннан кейін жұмыс жүргізбеуін, заңдылығын білу үшін. Құжаттарын тексергенім жоқ, ауызша айтып түсіндірдім. Ертеңіне істеп тұрған ойын клубы жабылды.

Бұл полиция капитанының биыл ашқан бір ісі ғана. Ал жыл басынан бергі уақтта оннан астам қылмысқа тосқауыл қойып, ұрлық-қарлық, тонау және өзге де ұсақ бұзақылықтарға қатысты 400-ге жуық хаттама толтырылған. Ал 9-маусым яғни, сайлау күні көлік тонаған адамды ұстап, құнды құжаттар мен ақшаны заңды иесіне қайтаруы – үлкен алғысқа бөледі. Өзі қызмет ететін аумақтағы тұрғындар да полиция капитаны туралы оң пікірде.

Раиса Абашева, қала тұрғыны:

– Инспектор өз учаскесіндегі әрбір тұрғынды білуі керек деп санаймын. Сондай-ақ, кешкі уақытта аралап жүріп, жастармен кездесуі қажет қой. Біздің полицейіміз Дастан бұл міндетті толық атқарып жүр деп сеніммен айта алам. Қашан да көмектесуге дайын.

Өз ісіне адал тәртіп сақшысы бұған дейін полицияның бірқатар құрылымдық бөлімшесінде қызмет етті. Үлгілі еңбегі арқасында тиісті атақ, шенді де мерзімінен бұрын алған кездері болды. Тек биылдың өзінде «облыстың үздік учаскелік инспекторы» атанған Дастан Сұлтанғалиев ішкі істер министрінен капитан шенін алған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.

Хабар 24 телеарнасы