387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бас қалада тұрақ мәселесі тұралап тұр

  • 115
  • UPD: 20:59, 31.10.2019

«Қазақтың жері кең болса да, астанасында көлік қоятын орын жоқ». Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары осылай деп қиналады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жол бойына тоқтауға болмайды. Аулаға кірсең айналып шыға алмайсың. Сөйтіп темір тұлпар мінсеңіз, төзіміңіз де темірдей болсын.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Біз қазір елордадағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында тұрмыз. Сағат кешкі жетіден асты. Бұл – көшеде нағыз кептелістің қызатын, қала тұрғындарының жұмыстан үйіне қайтатын шағы. Көбі діттеген жеріне жеткенімен, көлігін қоятын орын таппай сенделетін кез. Себеп – сол баяғы автотұрақ азабы. «Тойға барсаң бұрын бар, бұрын барсаң орын бар» демекші, ерте барғандары қойып үлгереді. Бірақ қанша асыққаныңызбен көшедегі кептеліс оған мұрша бермейді. Сондықтан кешкісін жұмыстан шаршап, кептелістен қажып шыққан тұрғындар ауласына келгенде көлігін қайда қоярын білмей тағы бас қатырады. Егер ауладан орын табылмаса, амалсыздан көлікті айдалаға қалдырып кетуге тура келеді. Сосын белгі қойылмаған жерге көлігін қаңтарып, көше бойын тұраққа айналдыратындардың қатары көбейеді. Бірақ, ұры-қары тағы бар. Көлігінің амандығына алаңдағандардың түнгі ұйқысы тәтті болмайтыны айдан анық.

Нұр-Сұлтан қаласында жылдан-жылға көлік саны артып келеді. Ресми дерекке сүйенсек, елордада 500 мыңға жуық көлік құралы бар. Оның 324 мыңы тіркелген, 80 мыңнан астамы сырттан келеді. Ал қалғаны басқа өңірлердің есебінде тұрып, астанада өмір сүретіндердікі. Мамандар көлік құралдарының санын жан басына шаққанда, Лондонның деңгейіне жақындап қалғанымызды айтады. Сондықтан елорда да тұрақ мәселесі әлі де тұралап тұр.

Хабар 24 телеарнасы