384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда апатты жағдайда тұрған үй тұрғындары көшіріледі

  • 163
  • UPD: 07:24, 01.11.2019
Атырауда апатты жағдайда тұрған үй тұрғындары көшіріледі

Атырау қаласы «Достық» ықшам ауданындағы 14-үйдің тұрғындары жаңа баспанаға көшіріледі. Олар үшін жаңа салынып жатқан мөлтек аудандардан баспана ұсынылды. Алайда ол қоныстың шалғайлығын желеу еткен тұрғындар бас тартып отыр. Естеріңізге сала кетсек, біздің тілшілеріміз қабырғасы  қақырап, төбелері жарылып кеткен үйдегі жантөзгісіз жағдай туралы мәселе көтерген болатын. Бұл мәселе шешімін тапты ма, тұрғындарды не толғандырады?  

Достық көшесіндегі 14 үйдің алдында күнде жиын. Атқарушы билікпен арпалысқан тұрғындар райларынан қайтар емес. Олар  орталықтағы үйренген орындарынан жылжығысы жоқ.  Себебі билік ұсынған «Жұлдыз» ықшам ауданындағы үй облыс орталығынан едәуір қашық.

Нұргүл Нәжіғалиева, №14 үй тұрғыны:

- Қыстың кезі, біз қайда көшеміз. Сабақ бар, садик бар, ол жақтан екі маршрутпен  келу керекпіз. Жол жүру картасын жақында алып отырмыз. Ол болмайды ғой, үнемі кәртішкеге ақша салуымыз керек.

Маржан Мәтешова, көп балалы ана:

-  Бір үй жалдап берсін де мынаны бұза берсін. Міне, оған біз келісеміз. Әйтпесе, біз ешқайда бармаймыз.

Бүгінде 14-үйде 14 отбасы тұрып жатыр. Олар биылша осы арада амалдап шықпақшы. Себебі жоғарыда өздері айтқан үйренген орталарынан көшкілері келмейді.

Рафхат Жолдиев, қалалық тұрғын үй секторының  меңгерушісі:

- Соған байланысты осы 14-үйдің тұрғындары «Береке» ықшам ауданындағы тұрғын үйлер біткеннен кейін көшіру мәселесі қарастырылады. Мерзімі келесі жылдың қыркүйек айына деп жоспарлап отырмыз.  

Тұрғындар баст тартқан «Жұлдыз» ықшам ауданындағы үйлерді біз де барып көрдік.  1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер қазір көшіп кірсеңіздер де дайын. Биыл аталған ықшам ауданда жаңа орта мектеп пайдалануға беріліпті.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Тұрғындарды алаңдататыны бұл жаңа салынған үйлер облыс орталығынан қашықтау. Бірақ атқарушы билік алдағы наурыз айынан бастап, бұл арадан арнайы маршруттар ашылады дегенді айтады. Сол кезде бұл ықшам ауданнан да қалаға тікелей қатынауға мүмкіндік туады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы