420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысының тұрғындары дәрігерлік көмектің қымбат түрлеріне қол жеткізді

  • 490
  • UPD: 10:21, 01.11.2019
Қарағанды облысының тұрғындары дәрігерлік көмектің қымбат түрлеріне қол жеткізді

Қарағанды облысының тұрғындары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында дәрігерлік көмектің қымбат түрлеріне қол жеткізе бастады.

Тек соңғы бір ай ішінде 200 мың адам медициналық тексерістен өтіп, соның көпшілігінен аса қауіпті онкологиялық, жүрек қан тамырлары аурулары ерте анықталған. Бұл дерттің алдын алып, науқастың құлан таза айығып кетуіне үлкен мүмкіндік береді. Қанатқақты жобаның тағы бір жаңалығы, сақтандырылған жұрт томографияға тегін түсіп жатыр. Айта кету керек, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдан бері жұмыс берушілерден 200 миллиард теңге қаржы түскен. Сақтандыру жарнасын төлеуден мүгедек, зейнеткер, көп балалы отбасы секілді 15 санатқа жататын азаматтар босатылады. Ал тұрақты жұмысы бар тұрғындар табысының 1 процентін қорға аударып отыруы тиіс. Өзін өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер де бұған мүдделі болуы керек. Әзірге жаңа жүйе тек Қарағанды облысында жүзеге асуда. Ал 2020 жылдың қаңтарынан бастап еліміздің өзге де өңірлерінде қолға алынбақ. Қанатқақты жобаның ең әуелі кенді өлкеде іске қосылуы тегін емес. Себебі мұндағы емдеу мекемелерінің жұмысы 100 процент сандық жүйеге көшкен. Дегенмен, сақтандырылған науқастар туралы мәліметті енгізуде бірқатар кемшіліктер анықталған. 

Ержан Нұрлыбаев, Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Кейбір азаматтардың жеке мәліметтері ортақ базаға енгізілмей қалған. Бұл олардың салғырттығынан болып отыр. Сондай-ақ емханаға мүлдем тіркелмегендер немесе ересек жасына қарамастан төлқұжатсыз жүргендер бар. Өкінішке орай, жаңа жүйе ондай жандардың статусын анықтай алмайды. Қазір осы бағыттағы жұмысты жолға қойдық. Бұған қоса шалғай ауылдарда интернеттің жоқтығы жобаны жүзеге асыруға біраз кедергі келтірді. Бірақ бүгінгі күні ол жерлерге мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында спутниктік антенналар орнатып жатырмыз.

Хабар 24 телеарнасы