427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германияда медсақтандыру жарнасының жартысын жұмыс беруші төлейді

  • 786
  • UPD: 09:42, 01.11.2019

Әлеуметтік сақтандырудың бір бөлігі - міндетті медициналық сақтандыру. Ол денсаулық сақтау саласына түсетін жүктемені азайту құралдарының бірі саналады. Өйткені денсаулық сақтау саласы мемлекеттік бюджеттен ең көп қаржы бөлінетін секторлардың бірі. Осы ретте халықаралық шолушымыз түрлі елдердің медициналық сақтандыру жүйесін енгізудегі тәжірибелері жайлы тарқатады.

Үздік медициналық сақтандыру жүйесі қалыптасқан елдердің бірі Германия. Халықтың бәрі полиспен қамтылған. Тұрғындардың дені «мемлекеттік касса» қызметін қолданады. Полиске ай сайын жалақының 16 проценті аударылып отырады. Тең жартысын жұмыс беруші төлейді. Ал екі қолға бір күрек таппай жүргендер үшін қаржы мемлекет қазынасынан  бөлінеді. Елде сондай-ақ жекеменшік медициналық сақтандыру да бар. Оны таңдаған адам полисіне ақшаны өзі аударады. Сомасы сол адамның жасына, денсаулық жағдайы мен мамандығына байланысты. Мәселен такси жүргізушісінің топ-менеджерден жалақысы аз болса да, ол жекеменшік сақтандыру үшін екі есе көп төлейді. Себебі кәсібі қауіпті саналады.    

Фридер, Берлин тұрғыны:

- Мемлекеттік сақтандыруым бола тұра, ештеңеге алаңдамаймын. Дегенмен де оларға қымбат көзілдірік немесе тіс протезін жасап бер деп айта алмайсыз. Десе де тиісті медициналық қызметтің бәрі көрсетіледі. Тоқетерін айтқанда, ауырсам, дәрігерлердің мені емдейтініне еш күмәнім жоқ. 

Оңтүстік Кореяда медициналық сақтандыру жүйесімен халықтың 97 пайызы қамтылған. Қызметкер жалақысының 3 процентін полисіне аударып отырады. Оның тең жарымын жұмыс беруші төлейді. Ауырған жағдайда, науқас шығындардың 20-30 процентін өзі жабады, қалғаны – мемлекеттің мойнында. Ал сирек кездесетін дерт немесе ісік секілді күрделі ауруға шалдыққан адам емделу ақшасының тек 5 процентін ғана төлейді. Қалған 95 проценті сақтандыру есебінен жабылады. 

Сергей Ким, халықаралық медициналық орталықтың профессоры:

- Артықшылықтары жайлы айтатын болсақ, Оңтүстік Кореяда бір ғана сақтандыру компаниясы бар. Ол міндетті медициналық сақтандырудың мемлекеттік корпорациясы. Қордағы қаржыны бөлумен корпорацияның өзі айналысады. Бір ғана бақылаушы ұйым болғандықтан, қор мен оның қаражаты тиімді басқарылады деп ойлаймын. 

Жапонияда медициналық сақтандыру жүйесі шамамен 60 жыл бұрын енгізілген. Мемлекет әлеуметтік мәртебесіне қарай науқастың емделуі мен дәрілеріне кететін шығындардың 70-90 процентін өтейді. Жергілікті жүйенің басты ерекшелігі – теңдік қағидаты. Яғни барлық клиника мен ауруханаларда көрсетілетін қызмет үшін бірдей баға белгіленген. Соның арқасында кезінде күншығыс еліндегі медициналық мекемелер арасындағы бәсекелестік артқан екен. 

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева

Хабар 24 телеарнасы