443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсіпкерлер салықтан жалтарудың жолын тапты

  • 392
  • UPD: 20:43, 01.11.2019

 

Саудагерлер картадан төлем қабылдамайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тұтынушыдан ақша аударуды өтінеді. Бірақ бұл пысықайлардың айла-әрекеті ұзаққа созылмайтын секілді. Биліктегілер бұл бассыздықты тыюдың амалын қарастыруда.

Бұрын таңдай қақтырған технологиялық туындылар бүгін ешкімді тамсандырмайды. Ел кәсіпкерлері цифрландырудың шарапатын көріп жүр. Тіпті ебін тауып, табысын жасырып келеді. Қалай дейсіз ғой? Саудагерлер сатып алған тауар үшін төлемді ақша аударымдары арқылы қабылдауға машықтанып алған. Осылайша салықтан жалтарған пысықайларды дүкенде де, базарда да, таксиде де кездестіреміз.

Қолма-қол ақша мен банк карточкасын қалтада ұстағанша, қаражатты мобильдік қосымша арқылы аудара салған тұтынушыға ыңғайлы, ал саудагерге тиімді. Қазір төлем жасаудың мұндай әдісіне сұраныс көп.

БЛИЦ:

– Дүкеннен нан, сүт алғанда, терминал істемегенде, картадан картаға аудар деп айта ма?

– Иә, солай аудартамыз. Өйткені солай ыңғайлы.

– Карточка алмайтын жерлер болады. Бірақ олар нөмірін жазып қояды.

Бірақ бұл мемлекетке тиімсіз! Бір картадан екінші картаға аударылған ақшаға салық салынбайды. Осылайша жұмыртқадан жүн қырқып жүрген кәсіпкерлердің әрекеті көлеңкелі экономиканың кең етек жаюына жол ашып жатыр.

Руслан Еңсебаев, ҚР қаржы вице-министрі:

– Бүгінде Kaspi Gold арқылы жасалып жатқан төлемдерге сұраныс көп. Бұл заңға қайшы келмесе де, Салық кодексінің нормаларына сәйкес келмейді. Дәлірек айтқанда, бұл банк операциялары үшін фискалды құжаттар жасалмайды. Яғни бұл қаражатқа мониторинг жүргізу мүмкін емес. Күрмеулі мәселені қаржы институтының басшылығымен талқыладық. Енді банктің мобильдік қосымшасын онлайн бақылау-кассалық аппарат ретінде қолдану жолдарын қарастырып жатырмыз.

Осылайша базардағы пысықайлардың базары тарқайды. Келер жылдан бастап кәсіпкерлер төлемдерді онлайн бақылау-кассалық аппараттар арқылы жасауы тиіс. Атқамінерлер көлеңкелі экономиканың кеңінен белең алуын тыю үшін ақша аударымдарына салық салу амалын іздеп жатыр.

Ж.Біркенов және Ж.Битабаров

Хабар 24 телеарнасы