419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өскеменде кадр тапшылығы қала тазалығына кері әсер етіп тұр

  • 746
  • UPD: 22:33, 01.11.2019

Өскеменде қала тазалығына жауапты мекемелердің қызметі ақсап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үй аулаларындағы контейнерлердің тұрмыстық қалдықтарға толып тұратын кезі жиіледі. Бұл жұрт наразылығын тудырып отыр.

Мамандар аталған мәселеге кадр тапшылығы әсер етіп отыр дейді. Оның үстіне өскемендіктердің қордаланған қарызы да қолбайлау болып тұрған көрінеді. Бұл берешек 45 миллион теңгеден асып кеткен.

Өскемендегі көп қабатты тұрғын үй аулаларынан ауызы мұрнынан шыққан контейнерлерді табу қиын емес. Жәшіктерге сыймаған тұрмысық қалдықтар сол маңайға шашылып жатыр. Тұрғындар қаланы тазалау қызметіне наразы. Қоқыс тазалау көліктерін халық шулап шақырмағанша, қара көрсетпей қоятын кездері жиіледі.

Ольга Еремеева, қала тұрғыны:

– Қаланы қоқыстан тазалау қызметі соңғы күндері тіпті нашарлап кетті. Қашан қарасаң, мына жәшіктер толып тұрады. Бірнеше күн шығарылмай жататын уақыттар да болды. Ондай кездері егеуқұйрықтар да толып кетеді.

Қалалықтарды алаңдатқан бұл мәселенің түйіні кадр тапшылығында жатыр екен. Шаһардағы осы қызметке жауапты орындардың бірі – «ӨскеменСпецкКоммунТранс» мекемесінде қазір бірнеше арнайы көлік қаңтарылып тұр.

Көлік жүргізушілерінің тапшылығымен қатар сынған көлікті жөндейтін кадрлар да жоқтың қасы, дейді мұндағылар. Ешкім күл-қоқыстың иісі мүңкіген ауыр техникамен жұмыс істегісі келмейтін көрінеді.

Жұпар Қожахметова, «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС директорының орынбасары:

– Тап қазір біз 10 кесте бойынша жұмыс істейміз. Яғни 10 көлік жүргізушісі желіге шығады. Алайда олар да адам баласы, ауырып қалады, тағы бір жағдайлар болады. Ал оларды ауыстыра қоятын көлік жүргізушісі жоқ. Сондықтан осындай кезде көлік саны азайып, үлгермей жатамыз. Ауысыммен істейтін тағы 10 жүргізуші қажет болып тұр.

Тазалық жағдайы әбден ушығып бара жатқан соң, қала әкімдігінің араласуымен өзге де мекемелер көмекке жұмылдырылды. Сөйтіп жабыла жүріп, әзірше мәселені бір жақты еткендей болды. Дегенмен қазір жұмыс тобы құрылып, маман тапшылығын түбегейлі шешудің жолы қарастырылуда.

Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

– Сонымен қатар қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жұмыспен қамту бөлімінде қосымша бағдарламалар бар, жаңа кадрларды даярлау сол бағыттарда жұмыс істеп жатырмыз.

Алайда күл-қоқыс жыры мұнымен бітетін түрі жоқ. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтар шығарудың бір адамға шаққандағы мөлшері 2 текше метрге жуықтайды. Осылайша пәтерде тіркелгендер есебіне сай, аулаға қанша контейнер қойылатаны анықталады. Бірақ бір пәтерде тіркеуден тыс бірнеше адамның тұратыны белгілі. Сондықтан жиналған қоқыс шамадан тыс үйіліп қалады. Оның үстіне...

Болат Рамазанов, «Өскеменспецкоммунтранс» ЖШС эколог маманы:

– Бірінші қабаттарда дәріхана, нотариус, дүкендер бар, олардың көпшілігі бізбен келісімшартқа отырмаған. Оларды біз мәжбүрлей алмаймыз, ал бірақ орама,қаптамалар олардан шығады, оны тұрғындарға қойылған контейнерлерге салады.

Контейнер тұрған алаңқайларға арнайы көліктердің кіруі тіпті қиын. Жүргізушілер сол жердегі жиектастарды сындырып, соңынан айыппұл төлеп жатады екен. Осындай алғысы аз, әуресі көп жұмысқа ешкімнің жолағысы келмейтіні таңғаларлық жаңалық емес, дейді кәсіпорын өкілдері.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы