386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасынан «Кебенек» телелехикаясы көрермен назарына ұсынылады

  • 379
  • UPD: 22:34, 01.11.2019

«Хабар» телеарнасында жақын күндері тағы бір жаңа телехикая көрермен назарына ұсынылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ауған соғысының ауыр күндерін бастан кешкен кейіпкердің өмірін баяндайтын «Кебенек» сериалы ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Телехикая басты кейіпкер Жасұзақтың Ауған соғысында көрген қиындықтарымен басталады. Жау тылын бақылауға шыққан жауынгерлер зұлмат жарылысқа ұшырайды. Айналасы астан-кестен болған ұрыста Жасұзақ қатты жараланады. Шала жансар жатқан оны құтқарушылар тікұшаққа сыймайды деп, құжаттарын алып, өзін тастап кетеді. «Ойпырай, жат жерде қалғаным ба» деп ойлап үлгергенше, көкке көтерілген тікұшақ жарылып, көз алдында күл талқан болады.

Динара Шілдебаева, түсірілім тобының редакторы:

– Бұл – өте ауыр тақырып, біздің бір кейіпкеріміздің артында мыңдаған отбасының тағдыры жатыр. Бірі мүгедек болып оралса, бірі мүлде өзінің еліне оралмады. Сериалда Жасұзақтың бір отбасын көрсетеміз, бірақ бұл сол замандағы мыңдаған отбасының тағдыры бар. Өте әсерлі сериал.

Сұрапыл оқиғадан кейін Жасұзақты әскери комисариат қаза тапты деп тіркеп, отбасына қара қағаз жібереді. Алайда әкесі ұлын жамандыққа қимайды.

Әке жүрегі алдамапты. Ұзақ уақыт емделген Жасұзақ жарақаты жазылып, елге оралады. Оқ пен оттың ортасынан аман қалған оны жұрт «Кебенек» деп атап кетеді.

Шынайы оқиға негізінде түсірілген телехикая үлкен тәжірибе мектебі болды, дейді басты рөлді ойнаған жас актер Мейірғат Амангелдин.

Мейірғат Амангелдин, актер:

– Өзіме ұнайды. Ойнауға да қызықты. Әрі оқиғасы терең. Актерді шыңдайтын, жас актер ретінде мүмкіндіктер де жетеді. Сондықтан көптеген ізденіс талап етеді. Және әркез терең дайындықты талап етеді рөл.

Телехикая Алматы қаласы мен облыс аумағында түсірілген. 12 бөлімді «Кебенек» телехикаясын 4 қараша күні кешкі 22.30-да «Хабар» телеарнасынан көре аласыздар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы