375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бердібек Сапарбаев: Бізге қағаздағы есеп-қисап қажет пе, әлде адам өмірі маңызды ма?

  • 309
  • UPD: 08:47, 03.11.2019

Ақтөбеде сапалы медицина кластерін қалыптастыру арқылы туризмді де дамытуға мүмкіндік бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев өңірге жұмыс сапары барысында дәрігерлермен жүздесті. Батыс аймақтағы ең ірі медицина орталығында өткен басқосу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу мәселелері сөз болды.

Ақтөбе облысы тұрғындарының 88 проценті міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енгізілген. Бұл көрсеткішті 100 процентке жеткізу үшін екі ай ғана қалды. Алайда Бердібек Сапарбаев жұмыстың санынан гөрі сапасына көбірек көңіл бөлу керектігін айтты. Атырау облысындағы перзентханада орын алған қайғылы оқиға болашақта қайталанбауы тиіс деді.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Өкінішке орай біз статистикалық есеп жүргізуде өрескел қателікке жол бердік. Жаңа ережелерге сәйкес дүниеге келген нәрестенің салмағы 500 грамм болса да күтіп, тез арада қалыпқа келуі үшін барлық жағдай жасалу керектігін жақсы білесіздер. Алайда кейбір перзентханалар көз бұмған балалар санын бүкпелеп, арты қайғылы аяқталып отыр. Бізге қағаздағы есеп-қисап қажет пе, әлде адам маңызды ма?

Адам өмірінің маңыздылығы өңірдегі ірі кәсіпорын өкілдерімен өткен жиында да айтылды. Өндіріс орнында қауіпсіздіктің сақталмауынан биылдың өзінде еліміз бойынша 943 азамат жарақат алған. Оның 54-і Ақтөбе облысында. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың айтуынша, қазір жұмыс беруші тараптың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жаңа заң жобасы даярлануда. Оның ішінде шетелдік және қазақстандық мамандарды алалау әлеуметтік дүмпудің себебі болары анық. Құзырлы министрліктің хабарлауынша, Ақтөбе облысында нысанаға ілінген 10 кәсіпорын бар көрінеді.

Біржан Нұрымбетов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Қазіргі уақытта 14 кәсіпорында тексеру аяқталды. Еңбек және көші-қон заңдарының талаптарын бұзған 135 дерек тіркелді. Оның ішінде төртеуі бірдей қызметтегі шетелдік және отандық маманның жалақысының түрлі деңгейде болуы. Осыған орай 24 шетел азаматына елімізде еңбек етуге берілген рұқсат құжаттары кейін қайтарылды. 24 миллион теңгеге 17 айыппұл салынды.

Дер кезінде жалақы төлемей, қордаланған қарыздары миллион теңгеден асқан кәсіпорындар да аз емес. Тек Ақтөбе облысының өзінде 126 миллион теңгеге жеткен. Сондықтан болашақта компания басшыларына қатысты талаптың күшеюі ғажап емес. Ал шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуді әдетке айналдырған өндірісте жыл сайын жоспарлы тексеру жұмыстары жүргізілетін болады.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Жұмыс берушілер үшін мынадай талаптарды міндеттейтін боламыз. Егер шетелдік мамандардың көмегіне 2-3 жылға дейін жүгінетін болса, жергілікті азаматтардың арасынан қажетті маманды оқытуы тиіс. Шекараның ар жағынан жұмысшылар жалдап жүргенімізге ширек ғасырға таяп қалды. Мұны тоқтатуымыз қажет. Өзімізде де білікті мамандарды даярлауға  оқу орындары да тәжірибеге өндіріс те жеткілікті.

Жаңа ережеге еліміздегі барлық компания өкілдері мойынсұнары анық. Себебі шетелдік мамандарға берілетін квота көлемі екі есе азаятын болады. Ал қарапайым жұмысшыларды жер-су асырып, алыстан алдыру тіптен доғарылуы тиіс. Себебі болашақта төртінші дәрежелі квота берілмейтін болады. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы