385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Президенттік жастар кадрлық резерві – жастардың мемлекет басқару ісіне кедергісіз араласуына берілген мүмкіндік

  • 350
  • UPD: 10:52, 05.11.2019

Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеудің алғашқы кезеңдерінен 549 үміткер сүрінбей өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның оншақтысы – Маңғыстау облысының жастары. Бірі инженер, бірі дәрігер, енді бірі көлік тасымалы саласының маманы. Қабілеті мен әлеуетінің басымдығын көрсеткен үміткерлер енді өз жобаларын қорғайтын болады. Президенттік жастар кадрлық резерві – ел жастарының мемлекет басқару ісіне еш кедергісіз араласуына берілген зор мүмкіндік.

Серік Ахметов Құрық теңіз портын басқарады. Аймақтағы ең жас басшылардың бірі. Бүгінде теңіз айлағында 200-ден астам адам еңбек етуде. Мұнда қазір отандық өнімдер экспорты ғана емес, транзиттік жүк тасымалы да қарқын алған. Биыл 10 айдың ішінде 1,5 миллион тонна жүк жөнелтілді. Серік Ахметов алдағы уақытта тек Құрық портының ғана емес, тұтас еліміздің көлік логистикасы мен транзиттік әлеуетінің артуына күш салмақ ниетте.

Серік Ахметов, «Құрық» портының бас директоры:

– Президенттік жастар кадрлық резерві – біздер үшін тамаша мүмкіндік. Оны неге пайдаланбасқа деп құжат тапсырдым. Қазір 4 кезең артта қалды. Енді өз жобамды қорғап, ұлттық комиссия мүшелерімен әңгімелесу жүргіземіз.

Еңбек жолын өндірісте қарапайым жұмысшы болып бастаған Дәулет Сүгірбаев үшін де Президенттік жастар кадрлық резерві биік мақсаттарына жетуге жол ашып отыр. Ұлттық компанияларды басқарғысы келетін ол қазір байқаудың келесі кезеңіне тыңғылықты дайындалуда. Арнайы жоба да жасап үлгерді.

Дәулет Сүгірбаев, радиациялық технологиялар және техникалық диагностика орталығы директорының орынбасары:

– Қазіргі біздегі қағазбастылықты азайту ниетінде және тікелей жұмысшы мен басшысының арасындағы қарым-қатынасты тікелей орнату, оның арасынан қадамдарды азайту сияқты идеяларды іске асыруға үлесімді қосамын деген ниет бар.

Мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда жоғары лауазымдарға қол жеткізу үшін Маңғыстау облысынан 100-ден аса адам құжат тапсырған. Іріктеудің келесі кезеңіне оның оншақтысы өтті. Жалпы бұл жоба еліміздің әр түкпірінде танылмай жатқан жігерлі жастардың жарыққа шығуына жол ашады. 35 жастан аспаған, жоғары білімі және бес жыл еңбек өтілі бар ел азаматы резервке алынады. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев және Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы