443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада Галина Полеваяның әріптестері қайырымдылық турнирін ұйымдастырды

  • 515
  • UPD: 18:12, 03.11.2019

Нұр-Сұлтан қаласында волейболдан қайырымдылық турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Жас ұлан» республикалық мектебінің қабырғасында республикалық БАҚ өкілдері өзара бәсекеге түсті. Сайысқа журналистерден құралған 10-нан аса команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыстан жиналған қаржы ауыр дертке шалдыққан белгілі спорт журналисі Галина Полеваяның еміне жұмсалмақ. Танымал тілші бір жылдан бері Түркияда емделіп жатыр. Осы аралықта дәрігерлер науқастың сүйек кемігін ауыстырып, түрлі медициналық көмек көрсетті. «Енді күрделі бір операциясы қалды. Оған қыруар қаржы керек. Егер бәрі сәтті өтсе, Галина екі аяғына тік тұрып, ортамызға оралады», – дейді әріптестері. Расында ол «Хабар» арнасында жүріп қысқы және жазғы олимпиадалардан көптеген репортаждар жасады. Қазақстандық спортшылардың елге танылуына үлкен үлес қосты. Спорттық журналистикада өзіндік қолтаңбасы бар саңлақ журналист. Галинаның туған-туыстары әлі де мейірімді жандардан үлкен үміт күтеді.

Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:

– Бүгінгі қайырымдылық турниріне қатысып, қолдау көрсетіп жатқан барлық әріптестерімізге алғыс білдіремін. Галина Полевая «Хабар» арнасында 20 жылдай қызмет атқарды. Спорт журналисті ретінде жемісті еңбек етті. Көптеген жас спортшылардың танылуына үлес қосты. Саналы ғұмырын қазақ спортының дамуына арнаған жан. Сондықтан бәріміз қолдан келгенше Галинаға қолдау көрсетейік.

Хабар 24 телеарнасы