419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде «Ел үміті» жастар марафоны өтті

  • 1835
  • UPD: 22:12, 03.11.2019

Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында Ақтөбеде жастар марафоны өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған жеке тұлға ретінде жан-жақты дамып, өз ісінің білікті маманы болған және ел дамуына үлес қосып жүрген үш мыңға жуық жас қатысты.

Елдің бес облысынан келген олар өз кәсібінің қыр-сыры, жеткен жетістіктері туралы айтып, тәжірибелерімен де бөлісті. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы дарынды балалар мен жігерлі жастарды кешенді қолдауға бағытталған.

Арман Сәкішов – «Ел үміті» марафонына қатысқан белсенді жастардың бірі. Өзінің 30 жасына дейін жеткен жетістігі көпке үлгі. Стоматолог мамандығын меңгерген соң, «жұмыс жоқ», –деп отырмай алдына нақты мақсат қойған. Жеті жыл бұрын екі досымен бірге тар кабинетте адамдарды қабылдау ісі, бүгінде тұрақты жұмыс істеп тұрған тұтастай емхана желісі әкелді. Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларының тұрғындарына қызмет етіп келеді. Ал елде алғашқылардың бірі болып, цифрлық технологияны қолдануы шетелдіктердің де назарын аударған.

Арман Сәкішев, емхана желісінің құрылтайшысы:

– Өзіміздің бауырларымыз, қазақстандықтардың шетел медицинасына көбірек жүгінетіні ер адам болған соң, қазақ болған соң намысымызға тиді шынымен де. Өзіміздің мотивіміз шетелдік пациенттерді осы Ақтөбе облысына Европадан, ТМД бойынша Мәскеуден қызмет алу үшін жиі келеді.

Бүгінгі марафонға Арман секілді мыңдаған жас келді. Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарынан келген олар бүгінге дейін жеткен жетістіктерінің сырын айтып, тәжірибелерімен бөлісті. Барлығы да кәсіпкерлік, білім және ғылым, медицина, мәдениет, спорт салалары мен қоғамдық өмірде талай белестерді бағындырғандар. Жеке тұлға ретінде дамыған мұндай жастардың ел дамуына да қосар үлесі аз емес.

Бердібек Сапарбаев, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы айтқан болатын. Біз дамыған елу елдің қатарына кірдік. Ендігі мақсатымыз: 30 дамыған елдің қатарына кіру керек деп. Ол үшін бізде жасампаз, ойшыл жастар болуы керек. Өйткені алдымыздағы заманда, бәсекелестік тек қана экономикада болып қана қоймай, ол адамдар арасында да болады.

«Ел үміті» – дарынды, жігерлі өскелең ұрпақ өкілдерін кешенді қолдауға бағытталған. Бұл үшін бірқатар жобаны іске асыру көзделіп отыр. Негізінен балалардың әлеуетін анықтау, олимпиада жеңімпаздары мен үлгілі жастарға гранттық қолдау қарастырылуда.

Әсет Исекешев, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атқарушы директоры:

– Бүгінгі марафонның мақсаты – жас наваторларды, математик, химик, физиктерді және бизнесмен, спортшылар мен мәдениет, спорт саласында жас мамандардың қолдауға бағытталған. Осы ретте, «Ел үміті» аясында көптеген жаңа жобалар болады. Ауыл балаларына, дарынды оқушыларға, студенттер үшін. Мысалы, ауылдың оқушыларына арналған жоба бар. Жыл сайын арнайы интеллектуалдық турнир өткізіп, бір мың бала іріктелетін болады.

Ақтөбедегі марафон – Елбасының «Ел үміті» бастамасы аясында өткізілген алғашқы шаралардың бірі. Енді алдағы уақытта Нұр-Сұлтан мен Алматыда ұйымдастыру жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.

Хабар 24 телеарнасы