421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Байқоңырда кәсіпкерлік саласын дамытуда қордаланған мәселе көп

  • 603
  • UPD: 09:28, 04.11.2019

80 мыңға жуық тұрғыны бар Байқоңырда кәсіпкерлік саласын дамытуда қордаланған мәселе көп. Әсіресе қосымша құн салығының жоғары және коммуналдық тарифтердің қымбат болуы бизнесті өркендетуге басты кедергі болып отыр дейді жергілікті кәсіпкерлер. 

Дариға Әлиева - Байқоңырдағы ұлттық нақышта безендірілген жалғыз мейрамхананың иесі. Алып-сатумен айналысып келген қазақстандық кәсіпкер 1 жыл бұрын жұлдызды қалашықтан ғимарат жалға алып, қоғамдық тамақтану бағытына бет бұрды. Бірақ коммуналдық төлемдер мен нысанды жалдау құнының жоғары болуы кәсіпті кеңейтуге кедергі болып тұрғанын айтады.  

Дариға Әлиева, кәсіпкер:

- Коммуналдық төлемдер қымбат: айына 100 мың тг электр энергиясы мен су жағына да. Тек биыл газ беріп, қуанып жатырмыз. Қазақстанға үлкен рахмет газ беріп жатқанына, қазір газға 2000 тг салып қоямыз карточкаға сол біразға жетеді. Соған әлі сене алмай жүрміз шынына келгенде. 

Байқоңырдағы отандық кәсіпкерлер салықты Ресейге төлейді. Бірақ оларға жеке ғимарат салуға жер бөлінбейді, құрылыс бастауға рұқсат жоқ. Мұнан бөлек жергілікті салық органдарында қағазбастылық көп. Қазақстандағыдай цифрлық қызметтер көрсетілмейді. 

Дариға Әлиева, кәсіпкер:

- Бізге бір қиындығы Қазақстан азаматы бола тұра бізге кредит шықпайды. Сонысы қиын. Кәсіпкерлікпен айналысқаннан кейін кредит болса дейміз. Ресейлік кәсіпкер болғасын бізде зейнетақы аударымдары жүрмейді Қазақстан азаматтарына. Зейнетақы аударым төлейміз, бірақ ол есептелмейді Қазақстанда. Біз соған қиналамыз. 

Татьяна Павлова, Байқоңыр қалалық әкімшілігі экономикалық даму басқармасының бастығы:

- 6-Үкіметаралық комиссия отырысында Салық кодексіне өзгертулер енгізіп, қосымша құн салығын жеңілдету жайы талқыланды. Қазір ұсыныстар екі елдің экономика министрліктерінде қаралып жатыр. Ресей Федерациясының «Шағын және орта бизнес» корпорациясы мен Қазақстанның «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы несиелік мәселелерді бірге шешуге кірісті. Кәсіпкерлік мақсаттағы нысанды таңдау барысында қала әкімшілігіне қарасты ғимараттарды алған дұрыс. Бізде пайдаланылмай тұрған 115 нысан бар, оларды жалға алудың жылдық базасы 250 рубль. Және де кәсіпкер жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізсе, біз шығынды жалдау құнынан шегереміз. 

Байқоңырда жалпы 1227 кәсіпкерлік құрылым тіркелген. Соның бірі Гүлнәр Шәменоваға тиесілі. Оның 12 адам жұмыс істейтін дүкеніндегі 3 жарым мыңдай тауар түрі түгел Ресейден тасымалданады. Кәсіпкер қала әкімшілігі өз деңгейінде көмек көрсетуге әркез даяр екендігін айтады.    

Гүлнәр Шәменова, кәсіпкер:

- Мына жерге автотұрақ салып берді 10 күн ішінде. Жетісіне 1 рет зат келген кезде сыймай қаламыз. Көбісі айтады неге супермаркет қылмайсыз деп. Оған нысан кішкентай. Сосын тағы ғимарат сұрадық. Тағы да өтініш орындалып, үлкен ғимарат берді. Ол жерде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Енді 20 адамдық штат керек бізге. 

Жер кіндігі – Байқоңыр Еуразиялық экономикалық одақ және кедендік одақ аясына кіргенімен, ғарыш айлағындағы құқықтық мәселелер тек үкіметаралық комиссия шеңберінде қаралады.  

Қамбар Бекенов, тілші:

- Байқоңырда кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту үшін арнайы экономикалық аймақ құру идеясы айтылған болатын. Бұл ретте қазақстандық тарап жобаның негізгі бағыттарын айқындап, үкімеатаралық комиссияға ұсынуы тиіс. Ол құжат 3 ай мерзімде қаралатын болады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы