426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда ірі парамен ұсталған МКД басшысы сотта ақталып шықты

  • 569
  • UPD: 16:16, 04.11.2019

Ертіс өңірінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ернұр Байғұрманов пен тағы екі қызметкерге қатысты атышулы сот отырысы аяқталды.

Қылмыстық істің фигуранттары Ернұр Байғұрманов, Азамат Бейсембаев және Дәулет Мағзұмовтың кінәсі дәлелденбеді.  Облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі соттың үкімімен айыпталғандар ақталып шықты. Бұған дейін белгілі болғандай, күдіктілер екібастұздық кәсіпкерден «Гамма-Талдыкөл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты қылмыстық істі тоқтату және 1 млн бір жүз мың теңге көлеміндегі салықтың есептелмегенін жасыру үшін 200 мың доллар талап еткені туралы хабарланды. Өткен жылдың наурызында кәсіпкер Байғұрманов пен Бейсембаевқа Мағзұмов арқылы 100 мың долларды берген. Ал араға жарты жыл өткен соң салық қызметкерлері бұл ақшаны бизнесменге қайтармақшы болды. Олар дәл осы әрекет үстінде қолға түскен болатын. Еске салсақ, Ернұр Байғұрманов өткен жылдың тамызында ұсталды. Оның пәтері мен жұмыс орнынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары 160 мың доллар, 10 жарым миллион теңге және 9 швейцариялық қолсағатты тапқан.

Бақыт Нұрланов, облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот судьясы:

- Сот ақтаушы үкім шығарды. Айғақтарды зерттей келе сот Байғұрманов, Бейсембаев, Мағзұмовқа қатысты бұл дәлелдемелер жарамайтын болып шықты деген шешімге келді. Яғни, айып тек болжам негізінде жасалды. Айғақтарды жинау барысында ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодекстің талаптары бұзылған. Сондықтан сот сотталушылардың кінәсі дәлледенбеген деген байламға келді.

Хабар 24 телеарнасы