388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Апатты үйлер алаңдатып тұр

  • 94
Апатты үйлер алаңдатып тұр

Елорданың қақ ортасында да қабырғасы сөгіліп, едені қайысқан үйлер әлі де аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Апатты деп танылған ескі тұрғын-жайлар кезең-кезеңімен сүріліп те жатыр. Бірақ жаңа үйден үміттеніп, кезегін күткен жұрттан маза қашқан. Тұрғындардың ендігі жағдайы қандай болады? Қашан жаңа баспанаға қол жеткізуі мүмкін?

Сырты бүтін демесеңіз, Құтпанов көшесіндегі мына үй апатты жағдайда тұр. 1957 жылы салыныпты. Бір қарағанға айналдыра қоршаған шарбағы ғана әдемі. Іргетасы шөккен үйдің кіреберісінен еңкейіп өтуге тура келеді. Алена Бугалкова осы үйде 25 жылдан бері тұрады. Пәтердің үнемі ылғалды болуына байланысты немересі созылмалы демікпеге шалдыққан.

Алена Бугалкова, тұрғын:

– Осы көшіруді күтіп, үйімізге жөндеу жұмыстарын да жасамай отырмыз. 1994 жылдан бері осы үйде тұрып келеміз. Шатыр төбемізге түсе ме деп қорқамын.

Нейля Бугалкова, тұрғын:

– Әкімдікке екі апта бұрын бардық. Бізді ешкім қабылдамады.Тек телефонмен мәселені айттық. Сондағы жауап, 2022 жылы үй сүріледі деді. Бұл ұзақ уақыт қой. Мына үй құласа не істейміз?

Келбеті келіскен қаланың шырқын бұзып тұрған мұндай үйлер әлі де жетерлік. Ал тұрғындар апатты жағдайдағы баспаналарын тастап кете алмайды. Себебі түсінікті. Өзгенің үйін жалдау қалтаны қағады. Ал әкімдіктің бүгін-ертең бере қояр үйі тағы жоқ.

Айнагүл Тәкірова, құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының бас маманы:

– Иманжүсіп Құтпанов 32-үйі 2015 жылы апатты деп танылды. 2018-2022 жылдарға бекітілген жоспарға сәйкес үй 2022 жылы сүріледі.

Қазіргі уақытта елордада 110 үй апаттық жағдайда тұр. Дені – ескі тұрғын-жайлар. Бірақ ескеретіні, ескі баспаналардың бәрі бірдей үйлерді бұзу және олардың тұрғындарын қоныстандыру тізіміне кірмейді. Қала билігі осы жылдың соңына дейін тек 12 апатты үйдің тұрғындарын 149 пәтерге көшіруді жоспарлап отыр. Сондықтан Құтпанов көшесіндегі 32-үйдің тұрғындары әлі де кезегін күтіп, отыра тұрмақ.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Нұрғали Мамырбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы