420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы монтаждаушы орталықтар күніне 70 көлікке дөңгелек ауыстырып жатыр

  • 606
  • UPD: 21:42, 05.11.2019

Елордада жол апаттары жиіледі. Қар түскелі соғылған көлік саны көбейген. Өткен 2 тәуліктің өзінде 90-ға жуық дерек тіркелді. Қаза тапқандар жоқ, бірақ жарақат алғандар бар. Мамандар мұны көлік иелерінің дөңгелектерін уақытылы ауыстырмаумен байланыстырады. Ал дөңгелек жөндейтін орталықтарда қазір қарбалас.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Елордаға қар түскелі көлік жөндеу орталықтарының да жұмысы қыза бастаған. Қазір қаланың қай бұрышында да осындай қарбалас. 

Ахат Абдуллазиздің бұл орталықта жұмыс істеп жатқанына 6 жылға жуықтады. Жазды күні тым-тырыс болатын, ал қазір қызметім қауырт дейді. Бір сәт тынығып алатын уақыты жоқ. Сұрақтарымызға да сүлесоқ жауап берді.    

-  Күніне орта есеппен қанша адам келеді?

- 70 адам келіп жатыр.

- Үлгеріп жатырсыздар ма?

- Иә, Құдайға шүкір.

- Қанша адам істеп жатсыздар?

- Үш адам. 

Өзбекстаннан келген осы үшеуі қас-қарайғанша жұмыс істейді. Дөңгелектерді кемі 4, ал қымбаты 10 мыңға ауыстырып береді. Айтуларынша, барлық жердегі баға осы.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Көлік дөңгелегін ауыстыруға келгендердің де қарасы қалың. Ұзын сонар кезек. Жүргізушілер сағаттап күтуге мәжбүр. Басқа орындарда да тап осындай көрініс. 

Дөңгелек жөндау орталықтары көп жерде кешке жабылып қалады. Сондықтан жүргізушілер түскі уақытты пайдаланып, асығады бұл маңға. 

Береке Асан, көлік жүргізушісі:

- Біраз адам бар ма алдыңызда?

- Алдымда енді 3 машина тұр ғой.

 - Күтіп тұрғаныңызға қанша уақыт болды?

-  Бір 15 минуттай болды. Әлі 30 минуттай күтемін. Сонда 40-45 минут болады ғой.

- Бағасын қанша деп жатыр?

- Бағасы 8 мың.  

Күннің бұлай күрт суытатынын күтпесе керек, адамдар ағыл-тегіл ағылып жатыр. Көлік дөңгелектерін қазір ауыстырмаса, жол тайғақ. Қазірдің өзінде қалада көлік апаттары жиілеген. Көшені кес-кестеп өтетіндер де тым көбейіп кетіпті. Соның салдарынан жарақат алып жатқандары бар.

Софья Қылышбекова, қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Осы 2 күннің ішінде 90-ға жуық жол-көлік оқиғасы орын алған. Онда 3 адамдай жарақат алған. 

Күн райын болжаушылар алдағы уақытта күн суытады деп отыр. Айталық, ертең елорданы қошқыл тұман басады, көктайғақ болады. Тіпті бұрқасын соғуы мүмкін. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы