384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Б.Майлиннің 125 жылдығына арналған қойылымның премьерасы өтті

  • 406
  • UPD: 23:29, 05.11.2019

Қаламгер Би-аға! Алматыда қазақтың көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған қойылымның премьерасы өтті. Спектакльді жазушының кіндік қаны тамған жері Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының труппасы қойды. Ұлан Нарынбек кеңірек әңгімелейді.

Мұхтар Әуезов театрында ине шаншар орын болмады. Мектеп оқушылары, студенттер мен ақын-жазушылар көп келді. Қойылым Бейімбет Майлиннің НКВД түрмесіндегі азапты күндері туралы. 

- Халқым деп шырылдап жүрген кезде, халық жауы атанғаннан өткен қорлық бар ма, әке! 

Спектакльдің қоюшы-режиссері Әлия Баймахан. Би ағаның рөлінде актер Әлижан Бек. Режиссердің шебер сахналық шешімдері сол заманның қасіретін дөп басқандай, ал актердің өз кейіпкерін аша білуі көрермен көзіне жас әкелді.  

- Егер балаларымды ойлап, жазықсыз жанға жала жауып, мына түрмеден босап шықсам онда мен кім болғаным? Жанын малғұнға сатқан тірі өлікпін. Ал тірі өліктің қоғамға, мына балаларға қандай пайдасы бар?!

Майлин проза, поэзия, драматургия, сатира, публицистика жанрларында қалам тартқан, сан қырлы жазушы. Әңгімелері бір төбе. Көрермен мазмұны терең қойылымды тапжылмай көрді. Сахна шымылдығы жабылған соң да ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті.  

Алашбай Баймырзаев, көрермен:

- Көңілімізден шыққаны сондай, көңіліміз босады. Өте жақсы. Бұл қазақтың тарихы.

Бауыржан Жақып, ақын:

- 44-ақ жасында 69 кітап қалдырған екен. Қазақ орыс, ұйғыр тілдерінде. Өзінің замандастары Сәкен, Ілиястардың өзі мына Мұхтар Әуезовтар, Ғабит Мүсіреповтар барлығы Бейімбетті ең өнімді қаламгер деп бағалаған.

Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған кешке жазушының ұрпақтары да келді. Олар әулеттің басына түскен ауыртпалық туралы айтып берді. 

Дәмина Әбілқасымқызы, Бейімбет Майлиннің немересі:

- Бес баласы болды. Бес баласынан Әукен деген үлкені. Штрафной батальонда Әукен атамыз хабарсыз кетті. Одан кейінгі Рәзия Бейімбетқызы. Бұлар Рәзия, Мереке, Еділ бір детдомда болды Семейде. Рәзия артынан шешесін тауып алады Карлагта. Ең кішісі Гүлсім табылмайды. Сол Гүлсімді 15 жасында тауып алады.

Бұл қойылым Алматыда бір рет қана көрсетілді. Бірақ Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының репертуарын байытқан айтулы туынды деуге болады.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы