388,07 428,20 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда саяжай иелері өз өнімдерін сауда нүктелерінде сатуға құлықсыз

  • 121
  • UPD: 23:47, 05.11.2019

Оралда өз өнімін саудалаушы саяжай иелеріне 40 арнайы орын бар. Базарлар да шаруаларға сауда нүктелерін қолжетімді бағамен ұсынуға әзір. Бірақ осыған қарамастан жолды бөгеп, көше бойында сауда жасайтындар азаяр емес.

Тәртіп сақшылары да жалықпай жағдайды бақылауда ұстауға тырысады. Бірақ саудагерлер олардың көзі тайған мезетте үйреншікті орындарына қайта жайғасады. Осындай жабайы сауда неге жойылмай тұр? 

Әбілқайыр хан даңғылы мен Циолковский көшесінің қиылысындағы мына жабайы базардың тарихы 25 жылға жуықтайтын шығар. Жүргіншілер жолының бойында не жоқ дейсіз? Ет те, балық та, киім-кешек те бар. Сауда көрігін қыздырушылардың бірі Анатолий. Ол аптасына екі рет бал мен сүт әкеліп сатады. Тұрақты клиенттері тауарды талап әкететін көрінеді. 

Анатолий Молодцов, сатушы:

- Осы жерде тауар жақсы өтеді. Үнемі сауда жасайтын таныстарым көп. Өз өнімімді сатамын. Сапасына алушылар сенімді. Қазір бізді жаңа базарға барыңдар деп жатыр. Бірақ ешкім оған аяқ аттап басқысы жоқ. Оған бір кірсең қайтып шыға алмайсың? 

Жергілікті билік жабайы саудаға талай мәрте тосқауыл қоймақшы болған. Талпыныстары әзірге нәтижесіз. Саудагерлердің басқа базарларға барғысы жоқ. Рейд жүргізіп, сатушыларды қуып таратқанымен, санаулы сағаттан соң олар үйреншікті орындарына қайта жайғасатын көрінеді. Жыл басынан бері қалада рұқсат етілмеген жерде сауда жасағаны үшін 900-дей қаулы толтырылып, жалпы сомасы 4 миллион теңгеге 200-дей айыппұл салынған. 

Біржан Жақиев, қалалық полиция бөлімінің бөлімше бастығы:

- Дәл осы «Жайық» базарында 10  шақты сатушы бір айдың ішінде бірнеше рет жауапкершілікке тартылды. 10 айлық есептік көрсеткіш бұл 25 250 теңге. Олар сол айыппұлды төлейді де, саудаларын одан әрмен жалғастырады. Демек,өнімдері өтіп тұр деген сөз. 

Шаһар басшылығы сауда-саттықтың рұқсат етілген жерлерде ғана жүруі керек екенін айтады. Бүгінде қалада 21 базар болса, соның 8-і азық-түлік базарлары. Оған қоса өз өнімін саудалаушы шаруалар мен саяжай иелеріне 40 арнайы орын айқындалыпты.  

Мейрам Қайыров, қалалық кәсіпкерлік бөлімі басшысының м.а.:

-  Әкімдік тарапынан саяжай иелеріне қолдау көрсетілген. Біз олардың өздері өсірген өнімін сатуы үшін қаланың әр бөлігінен арнайы орындар белгіледік. Ал тротуар бойында, жолдың жиегінде жабайы сауданың қызуына көз жұмып қарай алмаймыз. Себебі ол тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Бүгінде қала басшылығы белгілеген арнайы сауда орындарының біразы бос тұр. Сатушылар онда бармау себебін былайша түсіндіреді.  

Надежда Землянушина, саяжай иесі:

- Біз өз өнімімізді барлық талаптарға сай келетін сауда орындарында сатуға келісер едік. Алайда әкімдік белгілеген орындардың көпшілігі қуыс-қалтарыста, адамдар аз жүретін жерлерде. Саудамыз жүрмегесін, ол жерде тоңып-шашырап неғып тұрамыз?

Сатушылардың уәжі негізсіз емес. Себебі ұсынысты сұраныс туғызатыны нарық заңы. Тазалық қағидатын қалтқысыз сақтайық деген әкімдік талабы да әбден орынды. Алайда әзірге осы қос тараптың мүддесі қатар қанағаттандырылар күннің ауылы алыс боп тұр. 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы