386,68 428,91 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының медицина саласы қаржы тапшылығына тап болды

  • 124
  • UPD: 00:02, 06.11.2019

Павлодар облысының денсаулық сақтау жүйесінде қаржы қат. Бұған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры желісінен ақшаның аз бөлінуі себеп. Емдеу мекемелеріндегі қаржы тапшылығы шамамен 2 миллиард теңге. Қала тұрғындарына қызмет көрсететін медициналық ұйымдар мен амбулаторлық-емханалық мекемелерде жан басына шаққанда республика бойынша ең төмен тариф бекітілген.

Денсаулық сақтау саласында ақылға қонымсыз жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының басым бөлігі қалаға қоныс аударған. Ал бір қала тұрғынын емдеуге 851 теңге 48 тиын қарастырылған. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда ең төмен тариф дейді мамандар. Оның үстіне міндетті әлеуметтік медициналық қордан тек 11 айға қаржы бөлінген. Себебін ешкім дөп басып айта алмайды. Ал емдеу мекемелері өткір қаржы тапшылығын сезінуде.

Айман Оспанова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

- Мұны осыдан бірнеше жыл бұрын  аудандық ауруханаларда  өте төмен коэфициент болғанымен байланыстырады. Оларға қаржы жетпеген соң қаладан аударуға тура келген болатын. Мен оның қаншалықты дұрыс екеніне баға бере алмаймын. Жағдайды теңестіру керек. Біз шыққан шығындарымызды жаба алмаймыз.

Осындай оғаш жағдайға қарамастан Павлодар облысы жоғары мамандандырылған медициналық көмектерді енгізуде көш бастап тұр. Қымбат тұратын құрал-жабдықтарды сақтаумен сервистік қызмет көрсету үшін де қаражат керек. Олардың кейбірін ауыстыратын кез келген. Бұл шығындар әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысы арқылы өтелуі тиіс. Дәрі –дәрмекпен қамтамасыз етуде де қарызға батқан.

Ардақ Күзеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Павлодар облысы СК «Фармация» желісімен дәрі-дәрмек жеткізу бойынша қарызы ең төмен аймақ саналады. Соның өзінде 470 миллион теңге қарызымыз бар. Бүгінгі таңда қайтарылатын қарыздар сол міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры желісінен жеткіліксіз дейгейде қаржы бөлінген емдеу мекемелерінде қордаланып қалған.

Ең төменгі тариф пен қаржылай қолдаудың жоқтығы коммуналдық төлемдерге де өз әсерін тигізген. Бұл саланың да қарызы  қордаланып қалған. Ең төменгі жалақы алатын медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі де оң шешімін таппай отыр. Шамамен 642 миллион теңге  төленбеген.

Айман Оспанова, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері:

- Жалақы  аз мөлшерде ғана көтерілді. Ал қыркүйек айында 30 процентке көтерілуі  тиіс еді. Оны  медицина ұйымдары өз қаржылары арқылы жүзеге асырды.

Міндетті әлеуметтік медициналық қорының Павлодар филиалы бүгінгі таңда облыстың медицина ұйымдарымен 27 келісім жасаған. Олардың 10-ы ауылдық емханалар. Ондағы тариф еліміз бойынша ең жоғары деңгейде қалыптасқанын айта кеткен жөн. Ол, жан басына шаққанда -1287 теңге 48 тиынды құраған. Денсаулық сақтау саласының бюджеті үстіміздегі жылы 41 миллиард теңгеге өскен. Әлеуметтік қор толыққанды қолданысқа енгенде қаржыландыру көлемін 15 миллиард теңгеге арттыру көзделген.

Әлия Төлжанова, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ОФ директорының орынбасары:

- Бүгінгі таңда қормен үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Мәселен, тарифті қайта қарау, оны сақтау мен толтыру жағы. Келесі жылдан бастап, тарифтерді барлық медициналық ұйымдар үшін теңестіру саясаты қолға алынады.

Павлодар облысының дәрігерлері науқастарды емдеуге бекітілген  ең төменгі тарифқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Жуырда олар облысқа іссапармен келген Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаевадан  осы мәселені назарға алуды өтінді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы