384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Д.Абаев: Интернетте терроризм насихатталған 13 мың материалға шектеу қойылды

  • 180
  • UPD: 12:26, 06.11.2019
Д.Абаев: Интернетте терроризм насихатталған 13 мың материалға шектеу қойылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев елімізде деструктивті діни ағымды ұстанатындардың саны азайып келе жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда деструктивті діни ағымдармен күрестің алдыңғы шебінде білікті дінтанушылар мен теологтар тұр. Қазіргі таңда республикада дін бойынша 7 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Саланың негізгі бағыты – әр адаммен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, деструктивті идеяларды ұстанататын азаматтарды оңалту және діни экстремизмге қарсы контрнасихат. Бірінші бағыт бойынша, біздің ақпараттық түсіндіру топтары кешенді жұмыстарды жүргізіп жатыр. Соңғы 3 жылда 78 мыңға тарта әртүрлі шара өткізіліп, 15 млн адам қамтылды. Алайда алдағы уақытта бұл жұмысты бұдан да қырағы жүргізу керек. Жалпы, алдын алу шараларын қысқартып, тәуекел тобындағылармен жұмысты күшейткен абзал», – деді Дәурен Абаев Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумында.

Министрдің айтуынша, ол топтарға жұмыссыздар, өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, студенттер мен вахтада жұмыс істейтін жұмысшылар жатады. «Екінші бағыт бойынша елде позитивті динамика байқалғанын атап өту керек. Деструктивті ағымды ұстанатын азаматтардың саны азайып барады. Бұл ретте біз «Ақ ниет» оңалту орталығымен және өңірлік құрылымдармен жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар, масс-медиада радикалды идеологиямен күрес күшейтілді. Зайырлылық пен ұлтаралық келісім насихатталуда. kazislam.kz порталы жаңартылды. Құқыққа қарсы сипаттағы материалдарды анықтау мақсатында интернеттік мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері. 2019 жылдың басынан бері кеңес беру тәртібімен интернет-алаңда құқыққа қарсы 25 мыңға тарта материал жойылды. Терроризм мен діни экстремизм идеологиясы насихатталған 13 мың материалға шектеу қойылды. Алайда бұл бағыттағы жұмысты әлі де жетілдіру керек. Контрнасихат бойынша әлеуметтік желідегі қолға алынған шаралар әлі де әлсіздеу. Жарияланған материалдың форматын қайта қарап, сапаға мән беру керек», – деді ол. Еске сала кетсек, елордада бүгін Қазақстан дінтанушыларының ХІ форумы өтіп жатыр.

Хабар 24 телеарнасы