385,01 426,40 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында қараусыз қалған үйлер қалпына келтірілуде

  • 134
  • UPD: 14:28, 06.11.2019

Ертіс өңірінде 30 жыл  бойы тұралап қалған үйлер қалыпқа келтірілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі таңда қирауға шақ қалған көпқабатты баспаналар облыс орталығының іргесіндегі Ленин кенті мен Ақсу аймағына қарасты Қалқаман ауылының келбетін бұзып тұр. Ондаған жыл бойы қаңырап тұрған үйлер енді жөнделіп, пәтер кезегінде тұрған азаматтарға үлестірілмек. 

Қалқаман ауылының тумасы Светлана Наганова осы үйде 30 жыл бойы тұрып келеді. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары көршілері үйлерін қалдырып, басқа өңірлерге қоныс аударыпты. Инженерлік желілер талан-таражға түскендіктен, баспананы осылай жылытуға тура келеді.

Светлана Наганова, Қалқаман ауылының тұрғыны:

– Көршілерім көшіп кетті. Бос үйде өзіміз жалғыз қалдық. Енді пеш жағып, көмір таситын күндер артта қалды. Пәтерлер жөнделіп жатыр, енді жағдайымыз жақсарады. Қуаныштымыз.

Бүгінде Қалқаман ауылында 3,5 мың тұрғын бар. Олардың ішінде пәтер кезегінде тұрғандары жетерлік. Өзекті мәселені шешу үшін баспаналар қайта жөнделуде. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 40-қа жуық маман еңбек етуде.

Назымбек Ержанов, мердігер ұйым өкілі:

– Біз бастаған кезде бұл үйде баспалдақтар және де үйдің ішіндегі қабырғалар болған жоқ. Қазіргі таңда біз бұл үйді 100% бітіріп,  тазалау сынды  жұмыстар қалды. Тұруға мүмкіншілік бар. Барлық жағдай жасалған.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бұл үйлер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қалқаман ауылының дүркіреп дамыған өндіріс ошақтарының мамандарына арналып салынған. Қазіргі жағдайы осындай: қираған терезелер, қорқынышты қабырғалар мен құлауға шақ қалған төбелер. Ауылдың келбетін бұзып тұрған бұл ғимараттарды қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі таңда екі үй қолданысқа берілуге дайын. Ал алдағы уақытта тағы үш үй қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне берілмек.

Нұр-Сұлтан – Павлодар тас жолының бойында тұрған үңірейген үйлер сырт көзге оғаш көрінеді. Бүгінде мемлекет бюджетінен әр үйді жөндеуге бас-аяғы 160 млн теңге бөлінген. Баспаналарды жылытуға бөлек қазандық қарастырылған. Қазіргі уақытта қызмет көрсетуші ұйым іздестіріліп жатыр.

Төлеухан Мұздыбаев,  Ақсу қалалық құрылыс басқармасының басшысы:

– Осында көп адамдарда үй жетіспейді. Кезекте тұрған адамдар көп. Одан кейін жетімдер жағы бар, үйсіз жүргендер бар. Көшіп келетіндер бар. Соларға осы үйлерді қалпына келтіріп, бермекшіміз. Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатыр. Бір шаршы метрі 84 мың тұрады.

Ал бұл тұрғын үй Ленин кентінде орналасқан. Бүгінгі күнге дейін сыртқы құрылыс жұмыстары аяқталып, айналасына жол салынған. Енді мамандар ішкі жөндеуге кіріседі.

Қайырпану Асылбекова, Ленин кенті әкімдігінің бас маманы:

– Жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес тұрғын үй пәтерлеріне қайта жоспарлау жүргізіледі. Яғни, бір және үш пәтерлер біріктіріліп, төрт бөлмелі пәтерлер жасалмақ. Яғни, қазіргі бар 59 пәтерден ауданы кең 30 пәтер жасалмақ, төрт бөлмелі.

Алдағы уақытта нысан коммуналдық меншікке алынады. Ал екі айдан соң 30 жанұя қоныс тойын тойламақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий.

Хабар 24 телеарнасы