384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында әйел адам медициналық бұйым бизнесін табысты басқарып отыр

  • 207
  • UPD: 10:09, 07.11.2019

Еңбек етсең емерсің. Алматы облысы Іле ауданына қарасты КазЦИК ауылында бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер Баян Асанова осы қағиданы берік ұстанады. Қазір ол басқаратын кәсіпорын ағзадағы қант мөлшерін анықтайтын тест жолақшаларын шығарады. Қызметкерлерін Италия мен Оңтүстік Кореяда оқытып, білімін жетілдіруге де жағдай жасаған.  Өйткені білікті маман болмаса сапалы өнім жасау мүмкін емес. 

Баян Асанованы былайғы жұрт компания құрылтайшысы, іскер әйел деп біледі. Бұған оңайлықпен қол жеткен жоқ. 15 жыл балалар хирургы болған дәрігер 90-жылдардың соңында жалақыдан тарыққан соң бизнеспен айналысуға бел буады. Нарықты зерттей келе Италиядан қан құрамындағы глюкоза, холестерин мен триглицеридтердің мөлшерін көрсететін тест жолақшаларды әкеліп сатумен айналысады. 

Баян Асанова, кәсіпорын құрылтайшысы және директоры: 

- Италиялықтармен іскерлік байланыс орнаттық. Тіпті дос болып кеттік. 2011 жылы Қазақстанда «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» қабылданды. Мемлекет тегін жер беріп, электр энергиясын, су мен газды тартып берді. Жеңілдетілген несие алуға жағдай жасады. Мен осы мүмкіндікті пайдаланғым келді. Италиялық серіктестерімді бізге технологияларын беруге көндірдім. Осылайша өндірісті бастадық. 

Қазір қант диабетімен ауыратын адамдарға арналған тест жолақша шығаратын КазЦИК ауылындағы кәсіпорында 50-ге жуық адам жұмыс жасайды. Олардың дені Іле ауданының тұрғындары. Солардың бірі Алмас Тастеміров. Қаржы және несие дипломымен жұмыс таппаған соң мамандығын өзгерткен. 

Алмас Тастеміров, кәсіпорынның аға операторы:

- Бұл жердегі бүкіл оборудованиені жүргізуін мен жауап беремін. Және де компьютерларды қараймын. Италия мемлекетінің Арессо қаласында барып, оқып келдік. Оборудованиелердің толық жүргізілуін, мембраннаның обработкасын, толық станокты үйреніп келдік. 

«Медициналық бұйымдар бизнесінде сапаға ерекше мән беру керек» дейді Баян Асанова. Өйткені тест жолақшаның көрсеткішіне қарап, инсулин тағайындалады. Инсулин аз салынса пайдасы жоқ, ал көп салынса ағзаға зиян.   

Баян Асанова, кәсіпорын құрылтайшысы және директоры: 

- Кішкентай ғана жолақшаның адам үшін қаншалықты маңызды екенін қызметкерлерге үнемі айтып отырамын. Өздеріңіз жасаған медициналық бұйымды ертең бір туысқаныңыз немесе жақын досыңыз қолдануы мүмкін деймін. 

Алмас Тастеміров, кәсіпорынның аға операторы:

- Ақкөңіл, әрқашанда көмек сұрасаң қол ұшын беретін адам. Жұмысқа қатал әрине. Жұмыстың тиянақты болғанын қалайды. 

Баян Асанова басқаратын компания 100 миллион теңгеден астам салық төлейді. Жақын арада іскер әйел Қапшағай қаласында тағы бір заводты іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жерде зәрге 12 көрсеткіш бойынша талдама жасайтын тест жолақшалар шығарылады. Демек, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылып, бюджетке миллиондаған теңге салық төленеді деген сөз. Әрине оған қажырлы еңбек пен үнемі ізденіс қажет.  

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабай

Хабар 24 телеарнасы