387,09 428,20 6.07
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Батысқазақстандық шаруалар демеуқаржы ала алмай отыр

  • 112
  • UPD: 21:38, 07.11.2019

Батысқазақстандық ауылшаруашылық құрылымдары демеуқаржыға қол жеткізе алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Әсіресе, ауылдағы мал баққан ағайын мамыр айынан бастап мемлекеттен көк тиын көмек көрмеген.

Инвестициялық салымдарға берілетін субсидияны қоссақ, Жайық шаруаларына барлығы 3 миллиардтан астам теңге төленуі қажет екен.

Жарас Жамансариевтің шаруа қожалығы – Тасқала ауданындағы маңдай алды шаруашылықтардың бірі. Ол егін және мал шаруашылығын тең ұстап, дамытып келеді. Қазақтың асыл тұқымды ақбас сиырын өсіреді. Биыл жыл басында МТЗ 1221 тракторын, тіркеме, тұқым сепкіштерді алған екен. Алайда әлі күнге техника құнының 25% мемлекеттен өтелуі тиіс субсидияны ала алмай отыр.

Жарас Жамансариев, қожалық жетекшісі:

– Субсидия ауыл шаруашылығына өте керек нәрсе. Онсыз бізге қиын. Бәріміз біліп отырмыз, техника қымбат, бөлшектер де қымбат. Бәрі де бізде жоқ. Бәрі Ресейден, шетелден келіп жатыр. Бәрі де долларға байланысты. Курс өссе, техника да қымбаттау болады.

Күні бүгін өңір шаруаларына төленуі тиіс субсидияның жалпы көлемі 3 млрд теңгеден асады. Оның дені – мал өнімдеріне берілуі тиіс демеуқаржы. Техника алғанға, күн батареясын орнатқанға, құдық қаздырғанға көрсетілетін инвестициялық көмек тағы бар. Жыл басында мал шаруашылығын қолдауға деп бөлінген 3,2 миллиард, инвестициялық салымдарға қаралған 2 млрд жарым теңге жаз болмай жатып, толық игеріліпті. Содан бері қосымша қаржы сұрап, ауылшаруашылық министрлігіне талай хат жіберіліпті. Әзірге нәтижесіз.

Нұргүл Мұқанова, ауылшаруашылық басқармасының бас маманы:

– Өзге бағдарламалардан үнемделген 1 млрд 200 млн теңгені қайта бөлу туралы облыс әкімдігі тарапынан маусым айынан бастап, бірнеше мәрте хаттар жолданды. Аталған қаражат қайта бөлінген жағдайда игеруге толық мүмкіндік бар. Егер қаржы осы жылға бөлінбесе, түскен өтініштерге сәйкес субсидия келесі жылы төленетін болады.

Ауыл шаруашылығы – қашан да шығыны, тәуекелі мол сала. Егер мемлекет тарапынан тиісті қолдау болмаса, отандық өнім импорттық тауар тасқынына төтеп бере алмайды, сауда сөрелерін шетелдік азық-түлік басады. Бұл – сала маманы Қатауолла Ашығалиевтың пікірі. Облыстық мәслихат депутаты осы мәселені түрлі келелі кеңестерде жиі көтеріп жүр.

Қатауолла Ашығалиев, облыстық мәслихат депутаты:

– Шаруа қожалықтарының жағдайы нашар. Неге десеңіз, субсидияны алам деп несие алады. Оны қайтару керек. Біздерде сусбидиялау көлемі – 3 пайыз. Ресейде – 10%, Беларусьта – 18%. Ал есептеңіз, егерде субсидияны көбейтіп және уақытында төлемесе, ертең Ресейдің, Беларуьстың ауылшаруашылығына төлейміз.

Әділдігін айтайық, ауылшаруашылық саласын қолдаудан мүлде кенде деуге келмес. Өткен жылы өңір шаруаларына 11 млрд 293 млн теңге демеуқаржы төленсе, биыл берілген субсидия мөлшері 15 миллиардтан асыпты. Енді осының үстіне қосымша 3 миллиард жарым теңге қажет екен. Бұл осы саланың, әсіресе мал шаруашылығының қарқынды алға басып келе жатқанын аңғартады, дейді мамандар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Р.Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы