388,28 427,67 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандықтар: Қалада жастарға арналған демалыс орындары аз

  • 99
  • UPD: 21:37, 07.11.2019

Жастарға арналған демалыс орындары тым аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Түркістанның жас тұрғындары мен қалада білім алатын студенттер осылай дейді. Театр мен кинотеатр жоқтың қасы. Болғанның өзінде, өзге облыс орталықтарындағы ойын-сауық орындарымен салыстыруға келмейді.

Облыс орталығы – Түркістанды «жастар орталығы» деп атау әзірше ерте. Өйткені шаһарда жастар түгілі балаларға арналған ойын-сауық орталықтары тым аз. «Бос уақытта қай жерде демаласыз?» деген сұрақты қойып едік, сауалнамаға қатысушылардың тең жартысы Шымкентке шығар жолға қарайлай берді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Мәселен, ту сыртымда тұрған нысан - қаладағы ірі ойын-сауық орталықтардың бірі. Ішінде кинотеатр болғанымен, үлкен экрандарға жуырда шыққан кинотуындыларды көре алмайсыз. Тек ескі фильмдер. Жаңа фильмдерді көру үшін түркістандықтар Шымкентке баруға мәжбүр. Оның үстіне, орталықтың өзі қала шетінде орналасқан. Екінің бірі мұнда келе де бермейді.

Ойын-сауық орталығына кіріп-шығып жүргендердің көбі – жергілікті автокөлік жүргізушілері. Себебі нысанның бірінші қабатында мамандандырылған қызмет көрсету орталығы орналасқан. Ішіне кіріп, жоғары қабатына шығып едік, ойнап жүрген баланы да, қыдырып жүрген жасты да, демалып жүрген отбасыны да көрмедік.

Жеңісбек Өмірзақов, ойын-сауық орталығының қызметкері:

– Студенттер осы аралықта аптаның 7 күні болса, 7 күннің сенбі мен жексенбі күндері көп келеді. Қалған кездері әрқалай. Кей кезде болмай қалады.

Қала тұрғындарының көптеп келмеуіне байланысты, сауда орындарын жалға алушы жеке кәсіпкерлер де тым аз. Халықты осы жерге шоғырландыру үшін көлік жүргізушілеріне арналған қызмет көрсету орталығының ашылуы сондықтан, дейді ойын-сауық нысанының әкімшісі Нұриддин Хилкеев.

Нұриддин Хилкеев, ойын-сауық орталығының әкімшісі:

– 2018 жылы 21 желтоқсанда ғимарат толық іске қосылған. Әкімшілік тарапынан бізге қазір ешқандай көмек болып жатқан жоқ. Қала маршруттары жүріп жатқан жоқ. Әр түрлі келіп кетіп жатқан клиенттеріміз бен арендаторларымыз бар. Әрқайсысы өзі жеке көліктерімен, болмаса такси жалдап келеді. Әкімшілікке, қала әкімшілігіне, «Атамекен» корпорациясына барлығына хатпен шыққанбыз. Сөзбен айтады. Бір жыл болды, әлі жоқ.

Қала орталығы мен ойын-сауық орталығы аралығы – шамамен 2,5 шақырым. Нысанға ең жақын орналасқан аялдамадан түскеннің өзінде қызметкерлер жұмыс орнына жету үшін тағы бір шақырымдай жаяу жүреді, дейді Нұриддин. Ал қала әкімдігінің өкілдері қоғамдық көлік бағыты мен демалыс орындарының аздығын уақытша мәселеге жатқызып отыр.

Ералы Қамбар, қалалық ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Түркістан қаласында жалпы үлкен форматтағы кинотеатр тапшылығы бар. Бірақ енді ол алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз. Ал кішігірім театрлар ойын-сауық орталықтарында бар. Жергілікті театр күнделікті жұмыс істейді десек болады. Қаладан жаңадан салынып жатқан амфитеатрымыз бар. Оның бәрі қала жастарына қолжетімді болады.

Ералы Қамбардың айтуынша, қалада 120-дан астам мәдени және спорт алаңдары бар. Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен таяуда «Түркістан - жастар қаласы, «Арт фест» жобасы да өткізілген.

Ералы Қамбар, қалалық ішкі саясат бөлімі жастар ресурстық орталығының басшысы:

– Бұл жобаға 2-3 мыңнан астам жастар қатысты. Бұл жерде спорттық, стрит воркаут, караоке батл, лянгі, шашкі мен шахмат барлық спорттық мәдени түрлері болды.

Осылайша, жергілікті кинотеатрлардағы жаңа фильм прокаты мен қала шетіне қатынайтын қоғамдық көлік мәселесі тек келер жылы шешімін таппақ. Айта кеткен жөн, облыс орталығында 40 мыңға жуық жас бар. Бұл Түркістандағы жалпы халық санының 24 процентін құрайды.

Авторлары: Мейірлан Алтынбек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы