418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жеңілдетілген несиемен автокөлік алғысы келетіндер саны көбейіп барады

  • 517
  • UPD: 11:11, 08.11.2019

Несие бар, көлік жоқ. Темір тұлпарды жеңілдетілген несиемен алғысы келген көпшілік осылай даурығып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарламамен арманына қол жеткізгісі келгендер айлар бойы кезекке тұруға мәжбүр екенін айтады. «Құжатбастылық пен қызмет сапасына қатысты да біраз мәселе бар», - дейді тұрғындар.

Көлікті жеңілдетілген несиемен беруге қатысты бағдарлама 2015 жылы іске қосылған еді. Содан бері жыл сайын мемлекеттен миллиардтаған қаржы бөлініп, оның игілігін мыңдаған жерлесеміз көріп келеді. Бірақ бертін келе бағдаралама тығырыққа тіреле бастады. Өйткені көлік алғысы келетіндер саны тым көп және тізім күн өткен сайын ұлғайып жатыр. Тіпті сала мамандары барлығына бірдей қызмет көрсетіп, ә дегеннен қалауын тауып беріп үлгермейтін деңгейге жеткен. Бірақ бұл көлік жетіспейді дегенді білдірмейді.

Ержан Иманслям, ҚР ИИДМ басқарма жетекшісі:

Мемлекеттік бағдарлама отандық көлік өндірісіне тың серпін берді. Мәселен, өткен жылы елімізде 32 мың темір тұлпар шығарылса, биыл 9 айдың өзінде көрсеткіш 33 мыңнан асып түсті. Сондықтан көлік жетіспейді деген дұрыс емес шығар. Бұл мәселе кей адамдардың талғамына қатысты пайда болып отыр. Яғни, біреулер оның құрылымы мен қосымша бөлшектерінің ерекше болғанын қалайды. Бұндай жағдайда, әрине, сәл күтуіне тура келеді.

Бұған қоса, әлеуметтік желі қолданушылары қолма-қол ақшаға кез келген көлік табылады, ал мемлекеттік бағдарламаға келгенде кедергі көбейетінін алға тартқан. Осыған көз жеткізу үшін елордадағы автосалондарды аралап, мәселенің мән-жайын білдік. Байқағанымыз, көлік сатушыларға қалаған техникаңды қандай жолмен алсаң да шектеу жоқ. Қай-қайсынан да автоөндірушілер ұтылмайды. Дегенмен, кей көліктер сұраныстың көптігінен тез бітіп қалатынын мойындайды.

Өскемендегі көлік құрастыру зауыты да бұндай тапшылықтың пайда болуына сұраныстың аяқасты өсуі түрткі болғанын айтады. Жуырда «Қазақстан Даму банкі» осы бағытқа 20 миллиард теңге бөлген еді. Содан бері темір тұлпар алғысы келетіндер қатары еселеп артқан. Ал, зауыт барлық тапсырысты орындап үлгермей жатыр.

Андрей Толстиков, Кәсіпорынның коммерциялық директоры

Біздің өнімге қатысты тапшылық болмайды деп нық сеніммен айта аламын. Жеңілдетілген несиеге қатысты сұраныстың артқанын түсінеміз. Бірақ біз бұл тапсырысты еш қиындықсыз орындап, сұранысты толығымен қанағаттандыра аламыз.

Бұған қоса, елімізде құрастырылған көліктердің салыстырмалы түрде қымбаттығы да жиі сөз болып жүр. Сала мамандары бұған әсер ететін бірнеше себеп барын айтады және көлік нарығы үшін бұл қалыпты жағдай екенін алға тартады.

Артур Мискарян, «Қазавтопром» компаниясының стратегиялық жоспарлау бойынша директоры:

- Көліктің бағасына локализация деңгейлері тікелей әсер етеді. Бұдан басқа, валюта нарығы да үлкен рөл атқарады. Соларға сәйкес, көліктің нарықтық құны қалыптасады.

Сала мамандары мемлекеттік бағдарламаның жоспарға сәйкес жүзеге асып жатқанын әрі алаңдауға еш негіз жоқ екенін айтады. Мәселен, соңғы 4 жыл көлемінде осы бастаманың арқасында 16 мың адам темір тұлпарға қол жеткізген. Алдағы уақытта осындай мәселелерді ескеріп, тұтынушылардың қағазбастылық және басқа да кедергілерге тап болмауын қарастырады. Ал, Үкімет, Ұлттық банк және көлік өндіретін компаниялар оның сәтті жүзеге асып, қарапайым адамдарға барынша қолжетімді болуына мүдделі.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Битабаров, Ержан Рахмабердиев

Хабар 24 телеарнасы