384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда әкімі: Сарыбұлақ өзеніндегі жағдай – экологиялық апат

  • 220
  • UPD: 13:58, 08.11.2019

Сарыбұлақ – бұл экологиялық апат. Елорда әкімі Алтай Көлгінов осындай баға берді.

Су арнасының ластануы тек бір тараптың кінәсі емес екені анық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жергілікті билік өкілдері дер кезінде шара қолданбады десе, жауаптылар кінә жұртшылықтың өздерінен де бар дейді. Қала ішінен ағып өтетін Сарыбұлақтың қазіргі жағдайы қандай? Арнасын қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Есіл өзенінің елордадағы екі арнасы – Сарыбұлақ пен Ақбұлақ. Соңғысының жағалауы қала тұрғындары серуендейтін абаттандырылған көрікті жерге айналды. Ал, Сарыбұлақтың экологиялық жағдайы тек сол маңда тұратын халықты ғана емес, бүкіл елорда жұртшылығын алаңдатады. Себебі, екі бұлақ та Есілге құяды.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Сарыбұлақ су арнасының санитарлық жағдайы туралы біз бұған дейін де айтып, көрсеткен болатныбыз. Сол кезде әкімдік өкілдері су көзін тазартып қалыпты жағдайда ұстаймыз деп уәде берген еді. Көріп тұрғанымыздай, су арнасының біраздан бері тазартылмағаны көрініп тұр.

Судың деңгейі төмендеп кеткені өз алдына, бетінде көліктің доңғалағынан бастап, баланың жөргегіне дейін қалқып жүр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Сарыбұлақтың жағалауы тазаланып тұрады. Күзде өткен сенбілік кезінде қап-қап қоқыс шығарылған. Десе де, уақыт өтпей жатып қайта ластанған.

Наталья Рудакова, қала тұрғыны:

- 1978 жылдан бері тұрамын осында. Жағасы желекке оранған үйрек, қаз қонған өзен болған еді. Тіпті балық аулайтынбыз. Ал, қазір ше? Жазда масадан көз ашпаймыз. Қоқыс, жағымсыз иіс қолқаңды қабады.

Екатерина Бельц, қала тұрғыны:

- Әрине, қазіргі жағдай көңіл құлазытады. Ата-анамның айтуынша, бұрын қала халқы демалып серуендеуге осында келеді екен. Ал, қазіргі жағдайы елдің бәріне белгілі ғой.

Бас қаланың даму жобасы бойынша Сарыбұлақтың көрікті демалыс орнына айналатын күн де алыс емес. Биыл көптен айтылып жүрген қайта жаңғырту жұмыстары Үшқоңыр көшесі тұсынан басталыпты.

Жасұлан Мырзахметов, қалалық қоршаған ортаны регенерациялау басқармасының бөлім басшысы:

- Бізге берілген жер телімі 1,1 шақырым. Қазіргі күні 70%-тей жұмыс ақталды. Жұмыстар бізде өзенді кеңейту, тереңдету сияқты темір-бетон жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылға жарықтандыру мен көгалдандыру қаралып отыр.

Сарыбұлақтың бұл бөлігі толықтай келесі жылдың екінші тоқсанында аяқталады деген жоспар бар. Ал, қалған бөлігі кезең-кезеңімен  жасалмақ. Құрылыс жұмыстары 2 жылға созылады.

Хабар 24 телеарнасы