388,81 430,50 6.08
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында балалардың өлім-жітімі 30 процентке көбейген

  • 64
  • UPD: 20:10, 08.11.2019

Павлодар облысында бала өлімі отыз процентке көбейген. Бұған өңірге іссапармен барған Бердібек Сапарбаев көз жеткізді. Оның үстіне аймақта білікті дәрігер тапшы. Дегенмен, бұл мәселе алдағы 3 жылда шешілуі тиіс. 

Павлодарлық 103 қызметі шақыртуға 12 минутта жетеді. Облыстық жедел жәрдем бөлімі 100-ден астам арнайы GPS тетігімен жабдықталған. Дегенмен, бұл салада шешімін таппай тұрған мәселе бар. 

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Келесі жылдан бастап. денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруда мәселе туындамауы тиіс. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізіп, барлық проблеманы шешуіміз керек.Біздің болжам бойынша, алдағы 3 жылда осы салаға кететін шығын 1,5 есеге артуы қажет. Яғни 1,3 триллион теңгеден 2,5-3 триллионға артады. 

Бердібек Сапарбаев БАҚ-та жиі көтеріп жүрген бұл мәселені шұғыл шешу қажеттігін айтты. Ал осы салаға жауапты өкіл мәселені былай тарқатты. 

Ардақ Көзеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

 -Медициналық мекемелер бойынша жетпей жатқан ақша көлемі 2 миллиард теңгеден асады. Бұл проблеманың туындауына бірнеше себеп бар. Әр адамға медициналық қажеттіліктер бойынша бөлінетін ақша мөлшері басқа аймақтармен салыстырғанда өте аз. Бізде ол 850 теңге болса, өзге аймақтарда 100 теңгеге артық. 

Проблема жыл соңына дейін шешілуі тиіс. Бұдан өзге үкімет мүшелерімен кездескен ұстаздар қауымы да саладағы қордаланған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, оқулықтарда жиі кездесетін қателіктер ел ішінде үлкен дау тудырып жатыр. 

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары:

- Біз бірінші басылымнан кейін міндетті түрде келесі басылымдарды жасайтын боламыз. Осы орайда жалпы оқулықтарды талқылау жұмыстарын өзгертейін деп отырмыз. Өзіңіз айтқандай, біз бүгінгіні қоғамға талқылауға беріп отырмыз. Өзіңіз айтып отырсыз сол ескертпелер орындалмай жатыр деп. Қазір бүгінгі күні электрондық жүйе жасалып жатыр оқулықтарды талдау бойынша. 

Вице-министрдің айтуынша, қазір автор мен мұғалім үшін ортақ жүйе әзірленіп жатыр. Арнайы порталда ұстаз өз ұсынысын кітап құрастырушыға жолдай алады. Егер автор педагогтың нұсқауын елемесе, себебін түсіндіруі тиіс. Ұстаздармен кездесіп, олардың өтінішін тыңдаған Бердібек Сапарбаев тұрғындардың да мұң-мұқтажына құлақ түрді.  

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге арналған «Мейірім» деген арнайы бағдарлама бар. Оның негізінде ата-анасыз қалған бүлдіршіндер кәсіпкерлер мен ірі компания, мекемелердің жетекішілеріне тапсырылады. Мысалы, ШҚО мен Ақтөбеде осындай адамдарға тапсырып, үшжақты келісімшарттар жасаған кездеріміз болды.

Яғни қамқоршы қаржыны баланың банктегі есеп-шотына аударып отырады. Сөйтіп, кезі келгенде жетім бала үйлі болады. Жалпы Павлодар облысында үйге мұқтаж 1600-ден астам жетім бар. Сондықтан келер жылы оңалту орталықтарының саны көбейтілмек. Ал келер жылдан бастап, Көкшетауда мүгедектерге арналған арба жасалады.

Хабар 24 телеарнасы